Ішкі істер органдарындағы ең негізгі, жауапты қызметтердің бірі — тергеу саласы. Жыл сайын 6 сәуірде елімізде және бұрынғы кеңестік мемлекеттерде ішкі істер органдарының тергеу аппараттары қызметкерлерінің кәсіби мейрамы атап өтіледі. Биыл тергеу қызметіне 60 жыл толып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тергеушілердің атқаратын жұмыстары азаматтардың тағдырымен тікелей байланысты болып келеді. Қылмыстарды ашу, дәлелдерді толық жинақтау, күдіктілерді анықтау, жедел әрекет ету, істі әділ әрі табандылықпен жүргізу жоғары кәсіби шеберлік пен күш-жігерді талап етеді.
Маңғыстау облысы полицейлерінің қатарында да уақытпен санаспай, орын алған қылмыстарды жан-жақты тергеп, халықтың ризашылығына бөленіп жүрген тергеушілер аз емес. Солардың бірі — өз саласының үздігі, антына адал, қызметін абыроймен атқарып жүрген тергеушілердің бірі —Айболат Мырзашев.
Полиция подполковнигі ішкі істер органдарындағы қызметін 2007 жылдан, яғни Қарақия аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімшесінен бастады. Сол уақыттан бері осы саланың тізгінін ұстап келе жатқан Айболат Жастілекұлы кейін облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының тергеушісі қызметін атқарды.
2019 жылы тергеу саласындағы жұмысын Маңғыстау облысы ПД тергеу басқармасының аға тергеушісі ретінде жалғастырды. Қызмет барысында үздік нәтижелерге қол жеткізіп, жоғары көрсеткіштерді бағындара білген тәртіп сақшысы 2020 жылы тергеу басқармасының жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды тергеу бөлімінің бастығы лауазамына тағайындалды.
- Тергеуші қызметі — күрделі, жауапкершілігі мол міндет. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл сала біліктілік пен төзімділікті талап етеді. Бастысы, істі әділ тергеп, азаматтармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу қажет. Адамның адал атын қалпына келтіру үшін әр істі тиянақты атқаруға тырысамын. Тегеуріні мықты тергеушілерді, осы салаға айрықша үлестерін қосқан зейнеткерлерді бүгінгі кәсіптік мерекелерімен құттықтаймын. Дендеріне саулық, отбасыларына бақыт, табандылықты талап ететін жүгі ауыр тергеу істеріне сәттілік тілеймін, - дейді полиция подполковнигі.