Шетпе ауылының жұмыссыз тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтуды талап етеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шетпе ауылының жұмыссыз азаматтары наурыз айынан бері әкімдік ғимаратына жиналады. Жұмыс таппай қиналған олар амалы таусылған соң осындай әрекетке көшкенін айтады. Жоғары білімі бар азаматтардың өзі жұмыссыз жүрміз дейді. Олардың жалғыз талабы – табысы жақсы әрі тұрақты жұмысқа орналасу.
- Келіншегім де жұмыссыз, екі балам бар. Жұмыссыздықтың кесірінен газ бен жарық төлемін, пәтер ақысын төлей алмай отырмын. Өндірістік компаниядан тұрақты дұрыс жұмыс талап етеміз. Қоғамдық жұмысқа бармаймыз, себебі 100 мың теңгеге күн көру деген мүмкін емес, - дейді Шетпе ауылының тұрғыны Бердібек Айтжанов.
- Қазір жағдай қиын. Тамақ қымбат, киім қымбат. Киім алмағанымызға екі жыл болды, киімсіз жүрміз, - дейді Шетпе ауылының тұрғыны Бердібек Жұманазаров.
Ал олардың жұмыспен қамту орталығы үйлестіретін қоғамдық жұмыстарға барғысы келмейді. Өйткені, 100 мың деңгеге де жетпейтін жалақымен бір отбасыны асырау мүмкін емес дейді. Ал Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту орталығындағылар болса мұнай компанияларынан барлығына жұмыс табылмайтынын айтып отыр. Биыл құрылған жұмыс тобы тіркелген жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік жағдайына және жұмыс берушінің талабына қарап бос вакансияларды ұсынып отыр екен.
- Жалпы жұмыс орындары жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ өкінішке қарай азаматтарымыздың барлығы мұнай саласындағы кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға ниетті. «Маңғыстаумұнайгаз» және оған мердігер сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындардың бөлген вакансиялары есебінен жалпы Маңғыстау ауданында 2022 жылы 115 жергілікті тұрғын жұмысқа орналасты, - дейді Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Досан Жеткізген.
Жалпы Маңғыстау облысында 12 400 азамат ресми жұмыссыз ретінде тіркелген. Қазір бұл мәселені шешу үшін тиісті органдар кәсіпкерлік бойынша оқыту курстарын ұйымдастырған. Сондай-ақ ресейлік «Татнефть» компаниясына 39 тұрғын қызметке тұрған. Дегенмен жалақысы жақсы бұл компанияға көп азамат барғысы келмейтінін жеткізді.
Махаббат Нұржанқызы