Маңғыстау облысындағы соғыс ардагерлерінің соңғы өкілі
Асан Аймағамбетов алдағы жылы 100 жасқа толады.
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп Қасым ақын айтқандай, соғыстың соңғы оғы атылғанына да сексен жылға таяп келеді. Ия, уақыт өз дегенін істейді. Бір кездегі оқ-дәрі иісі сіңген сұр шинелін жамылып, туған топыраққа от ортасынан оралған жалындай алаулаған жас жігіттер бұл күндері самайларын ақ қырау шалған ақсақал атанып отыр.
Облыс аумағынан шайқасқа алты мыңнан астам адам аттанған. Соғысқа кеткен әрбір екінші азаматымыз ұрыс даласында қазаға ұшырады. Соғыс әр үйге, әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды.
Маңғыстаудан майданға аттанғандардың соңғы легі 1925-26 жылдары туған балауса жігіттер еді. Бәрінен де бататыны, өмірінің көктемін соғыс өрті шарпыған, қазіргі шақта мұражайлардың сирек экспонаттарындай, тірліктің сәні мен мәні, мазмұн-мағынасы іспетті осы бір жүздерін әжім қатпарлаған, ақ шашты, еңкіш тартса да еңселері биік ержүрек ұландардың қатары күн өткен сайын селдіреп барады.
Соғысқа бастап-аяқ қатысып, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған маңғыстаулық Асан Аймағамбетов алдағы 2024 жылдың 1 қаңтарында 100-ге толады .Бұл кісі Маңғыстаулық соғыс ардагерлерінің соңғы өкілі.
Асан ата Маңғыстаудың Елеғажы-Ешкіқырылған деген жерінде 1924 жылы туған. Әкесі Ыбыраш, Аймағамбет, Ыбырайымжан деген үш ағайынды, мал баққан шаруа адамдар болған. Аймағамбет үлкені, оның Әбдеш деген баласы болыпты. Ыбыраштың Асан, Үсен деген егіз баласы болып, Үсені жастай шетінеп кетеді. Асанның екі жасында әкесі қайтыс болып, шешесін қайынысы Ыбырайымжанға атастырады. Одан Түркіс, Өрік деген екі балалы болады. 20-жылдардың аяғындағы жұт қоянда бұл әулеттің бас көтерген азаматтары Аймағамбет те, Ыбырайымжан да қайтыс болып, шиеттей үш баласын ертіп, шешесі күнкөріс қамымен Бесқалаға кетеді.
Аштық пен жұт жайлаған зар заманда күнкөріс қамымен жан-жаққа бытырап кеткен ағайын-туыстарын Аймағамбеттің Әбдеші ел-жұртымен табыстырып жүреді. Әбдеш Ташауыз түбінде тұрып жатқан бауырлары Асан мен Түркісті, қарындасы Өрікті Маңғыстауға алып келеді. Бұлар сүйіндік әулетінің ежелгі атамекені Сенек, Бесоқты жерінде ұйымдасып жатқан колхозға кіріп, Асанды ауылдағы сауат ашу мектебіне береді. Фамилиясын Аймағамбетов деп жазғызады.
Әбдештің Қағаз, Назым деген екі әйелі болған. Қағаз бен Назымнан Гүлбаршын, Дәмелі, Дәметкен есімді үш қызы болады. Асан мен іні-қарындасын да осы екі кейуана баласындай бағып өсіреді.
1940 жылы Сенек, Сұмса мен Бесоқты, Тоңаша жерлерінде ұйымдасқан бес колхозды Жаңғақтының ойына көшіру туралы жоғарыдан ұйғарым келеді. Осында отырған ызғындай ел мал-жанымен енді Жаңғақтың ойына көшеді. Әбдештің әулеті де елмен бірге Қошоба деген бұлақтың басына қоныс тебеді. Қошоба бауырайында он екі бұлағы бар, малға да, жанға да жайлы қоныс болады. Осындай жайлы қонысқа енді жайласа бастаған шақта Ұлы Отан соғысы басталып, ел тағы да дүрлігіске ұшырайды.
Желкілдеп өсіп келе жатқан өрімдей жастар тізімге алынып, соғысқа әзірлік шаралары барлық жерде басталып кетті. Асанды 1942 жылы 17-ге толған бойда-ақ армия қатарына алып кетеді.
Бір айдай пулеметші-атқыштар курсынан өткізіп, Асандарды Воронеж майданының 21-армиясы құрамында Белгород қаласын жаудан тазарту айқастарына жібереді. Генерал-полковник Н.Ф.Ватутиннің қолбасшылығымен бұл майдан жауынгерлері Украина жеріне алғашқылар қатарында кірген болатын. Асан Украинаның Харьков, Полтава қалаларын жаудан азат ету айқастарына қатысады, иығынан жеңіл жарақат алады.
1943 жылдың қазан айында Воронеж майданы 1-Украин майданы болып қайта жарақталып, Киевтің түстік бетіндегі жаудың ең көп шоғырланған отты нүктелерін, қару-жарақ базасын талқандау міндеті жүктелді. Житомир-Бердичев операциясы кезінде Асан бүйірінен ауыр жарақат алып, майдан даласында ес-түссіз жатып қалады. Шабуылдаушы армияның соңын ала жүретін тыл бөлімшесі қансырап жатқан жауынгерді жанына санитар қызды қосып, ат жеккен арбамен дала госпиталіне жөнелтеді. Асан есін осы госпитальде жияды. Осында жедеғабыл операция жасалып, екі ай бойы емделеді.
Госпитальден шыққан соң Асанды 2-Беларусь майданы құрамындағы армияға жібереді. Бұл жауды ел шебінен әрі қуып, енді Европа елдерін азат ету айқастары басталған кез еді. 2-Белорусь майданы басшылығына 1944 жылдың қыркүйек айында Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшыларының бірі К.К.Рокоссовкий келді. Бұл майданның басты бағыты Польшаны, Балтық жағалауы елдерін, Шығыс Пруссияны жаудан тазартып, Берлинді солтүстік беттен қоршауға алу болатын. Осы бағыттағы немістің Ландсберг, Эберсвальде, Бранденбург деген кішігірім қалаларын жау әскерлерін талқандау кездегі айқастардың бірінде дәл жанынан жарылған зеңбірек снярадының жарқыншағы тиіп, Асекең басынын жарақат алады. Біразға дейін құлағы бітіп, басы айналып қалады, дала госпиталінің дәрігерлері басындағы жарақаты жеңіл, бас сүйегі аман деп, контузияға ұшырағанын анықтайды. Сөйтіп, екі аптадай емделген соң бөліміне қайтарады. Бұл кезде армиясы жаудың отты ошағын толық құрсауға алып, жан алып, жан беріскен айқастар Берлин қаласы түбінде жүріп жатқан еді.
Орталық Еуропадағы мамыражай көктемнің шырқын жер тітіреткен зеңбірек үні мен ерсілі-қарсылы зуылдаған ажал оғы, қираған ғимараттар, өртке оранған үйлер, жалын ораған танктердің үйіндісі бұзып тұрды. Асандардың бөлімі Берлин қаласына түстік бетінен кірген болатын. Қираған үйлердің тасасымен біздің жауынгерлер атыса жүріп, қала көшелеріндегі от шашып, оқ боратып тұрған ұяларын өшіріп, алға жылжыды. Жау Берлинді қолдан бермеуге қанша тырысып, жанталаса қарсыласқанымен үш жақтан қыспаққа алған Қызыл армияның тегеурініне шыдай алмады. Қала көшелері бірінен соң бірі қаңырап қалды. Фашистердің қанқұйлы ордасына айналған Рейхстаг төбесіне қызыл жалау ілінгенін көргенде қуаныштарында шек болмады. Бұл 1945 жылғы 2 мамыр күні еді. Жауынгерлер уралап Рейхстагқа қарай жүгіре жөнелді. Талай күндерден бергі жойқын жарылыстар, шуылдаған оқтың даусы сап тиылған. Рейхстаг алдындағы алаңда бірін-бірі құшақтап, құттықтап жатқан жауынгерлерде қисап жоқ. Бірқатарлары Рейхстагтың қабырғаларына штыктарының жүзімен, бормен есімдерін, туған жерлерін жазып жатыр. Асан да бір бұрышына «Асан, Маңғыстау» деп ойып жазды.
Майдангер қарт Асан Аймағамбетов Ұлы Отан соғысындағы ерлік әрекеттері үшін «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», Жуков медальдерімен, Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің Алғыс Хатымен, Жеңістің мерекелік даталарына орай берілген медаль-төсбелгілерімен марапатталды.
Асекең Берлин үшін болған ақтық айқасқа қатысып, Жеңістен кейін Украина жеріндегі соғыстың ауыр зардаптарын жою, қирап, бүлінген қалаларын қалпына келтіру жұмыстарына жіберіледі. Елге 1948 жылы оралады. Соғыста 3 рет жараланса да, от ортасынан аман келіп, елге келген соң Красноводск қаласы маңындағы Ақтас поселкесіндегі құрылыс материалдарын өндіретін комбинатқа шофер болып жұмысқа тұрады.
Асан Аймағамбетов осы өндіріс орнында табан аудармастан 50 жылдан астам уақыт еңбек етті. Отбасын құрып, өмірлік жолдасы Әлима апамыз екеуі сегіз бала өсіріп, олардан өрген немере-шөберелерін көрді. Апамыз 1998 жылы қайтыс болды Бейбіт еңбекте де әрдайым озаттар қатарынан табылып, Еңбек Қызыл Ту орденімен, басқа да марапат қағаздармен сыйлықтанады.
Сол сұрапыл соғыстың соңғы солдаты, ғасыр жасаған майдангер қария қазір Ақтау қаласында ұлы Есенқос пен Зоя келінінің бағымында бақуат өмір кешіп жатыр.
Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын күллі әлемге танытқан қасиетті соғыс болса, Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың сол ерлігін мәңгілік ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз, бұл күнді халқымыздың әлі талай буыны мерекелейтін болады. Бұл соғыста еліміздің миллиондаған өрімдей жігіттері мен қыздары ұрыс даласында етігімен қан кешіп, жан алысып, жан берісіп жүріп, қаһармандық пен ерліктің үлгісін көрсетті.
Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ,
Ақтау қаласы