Маңғыстау облысы ІІД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері есірткіге қатысты 347 құқықбұзушылықты анықтады. Оның 39-ы - есірткі қылмысы, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аймақтық ПД-ға сілтеме жасап.
Есірткі бизнесіне қатысты қылмыстар 2021 жылмен салыстырғанда 36 фактіге азайған. Облыста есірткі заттарын сатудың 21 фактісі, есірткіні заңсыз жарнамалаудың 3 фактісі тіркелді. Есірткі заттарын аса ірі көлемде сақтағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi 296 баптың 4-бөлігі бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ есірткі өсірудің 5 фактісі және есірткі қоймасын ұйымдастырудың екі фактісі анықталды.
Биыл 9 айда полицейлер заңсыз айналымнан 248 келі 235 грамм есірткі тәркіледі. Оның ішінде ең көбі – марихуана – 207 келі 047 грамм, 39 келі 745 грамм апиын және 1 келі 524 грамм синтетикалық есірткі заты бар.
Сондай-ақ профилактика бағытында семинар, лекция, дөңгелек үстел түрінде 93 профилактикалық іс-шара өткізілді. Синтетикалық есірткінің зияны түсіндіріліп, облыстың орталық жолдарындағы көшелерге 7 билборд орнатылды.
Маңғыстау полициясы өмір мен денсаулыққа зиян келтіретін заттарды қолдану қоғамға кері әсер келтіретінін еске салады. Сондай-ақ заңда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын хабарлайды.