Ақтауда «Достық үйінде» үкіметтік емес ұйымдарға арналған «Маңғыстау облысының Азаматтық орталығы» ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты - әлеуметтік маңызы бар бастамаларды, жобаларды және бірлесе жұмыс жүргізу үшін ҮЕҰ-дың қолжетімді жұмыс кеңістігін ұйымдастыру, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Орталықтың базасында ҮЕҰ жұмыс жасау үшін арнайы коворкинг жұмыс жасайды, коворкинг заманауи жабдықпен жабдықталған, түрлі іс – шаралар, іскерлік кездесулер, тренинг-семинарлар өткізуге болады.
Сонымен бірге, «Азаматтық орталықтың» базасында «Отбасы кабинеті» ашылды. Отбасы кабинетінде азаматтарға заңгер мамандары тарапынан құқықтық консультациялық көмек және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында семинар-тренингтер ұйымдастырылады.
Шара соңынан үкіметтік емес ұйым өкілдері облыс әкімімен кездесіп қоғамдық ұйымдарды дамыту мәселелерін талқылады.
Бүгінгі таңда, Маңғыстау облысында 752 үкіметтік емес ұйым ресми түрде тіркелген, олардың 323 қазіргі кезде жұмысын атқаруда. Соның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен қаржылық гранттардан бөлек 128 үкіметтік емес ұйымдар белсенді қызмет етеді.
Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұртас Салидың айтуынша, биыл Маңғыстау облысында үкіметтік емес ұйымдарға жергілікті бюджеттен 406 млн теңге болатын 47 лотқа қаражат қарастырылып, жүзеге асырылуда. Спикердің айтуынша, облыста соңғы бес жылмен салыстырғанда әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды қаржыландыру 43,6 пайызға ұлғайған.