Ақтауда жергілікті әскери басқару органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында оқу-жаттығу жиыны өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара барысында жергілікті әскери басқару органдарының басшылығы әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақытылы ұйымдастыру жұмыстары мен проблемалық мәселелерге шолу жасап, талқылау жүргізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бас маманы Алтынбек Нариман 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасындағы жаңашылдықтар туралы айтып өтті.
- Жаңашылдықтың бірі - Integrity check институты. Бұл шара дамыған мемлекеттерде ұтымды пайдаланылып келеді әрі сыбайлас жемқорлыққа бейім адамдарды қылмыс жасағанға дейін анықтауға мүмкіндік береді. Сала мамандары парасаттылыққа тексерудің бұл түрі мемлекеттік қызметке баю үшін келуді тоқтатып, парасатты әрі кәсіби кадр қалыптастыруды қамтамасыз етеді, деді Алтынбек Нариман.
Сонымен бірге, басшылардың тікелей қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлық үшін дербес жауапкершілігі мен комплаенс қызметтің маңыздылығы айтылды.