Ақтауда Боздақ Рзаханов атындағы «Сиқырлы таяқша» атты IV республикалық дирижерлер байқауы басталды. Додаға қатысуға еліміздің 10 өңірінен барлығы 17 үміткер келген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның директоры Бекбол Базарбаев айтуынша, байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат - дирижерлық өнерді жастарға насихаттау.Сайыста 17 үміткер бақ сынайды. Оның ішінде Маңғыстау өңірінен 4 жас дирижер өнер көрсетпек.
-Өнер арнасы көп сала болса, соның бір тармағы дирижерлік. Бұл байқау 2011 жылы 12 үміткермен басталған болатын. Биылғы жылы төртінші рет өткізгелі отырмыз. Боздақ ағамыз Маңғыстау топырағынан алғаш шыққан кәсіби дирижер, домбырашы және ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Сондықтан да ер есімі ел есінде қалуы тиіс, - деді Бекбол Базарбаев.
Байқауға қатысушыларға төрелік ететін 8 қазылар алқасы тағайындалған. Солардың бірі - Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Рахат Мадреев. Ол брифингте сөз алып, байқау құрылымы туралы баяндады.
-Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қазақ күйлеріне, ал екіншісінде жеке аспап және оркестрдің сүйемелдеуімен орындайтын әншілерге дирижерлік етеді. Сондай-ақ, бірінші бөлімде қазақ шығармаларына баса назар аударсақ, екінші бөлімде шетел классиктерінің шығармалары болады. Ең басты қойылатын талап - шығарманың композициялық құрылымын, деңгейін ашып түсіндіре алуы болмақ. Сайыс оңайға түспейтіні сөзсіз. Қатысушылар тың дайындықпен келді деген үміттемін, - деді Рахат Мадреев.
Айта кетейік, байқау 4 қарашаға дейін жалғасады.