Ақтауда облыс әкімдігінің, өңірлік мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның қолдауымен күйші, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры, "Құрмет" орденінің иегері Роза Айдарбаеваның шығармашылығына арналған күйшілер байқауы бастау алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 20-дан астам күйші қатысып, бақ сынауда.
Басты мақсат - бабалар мұрасын жаңғырту, мәдени-рухани құндылықтарды насихаттау, Маңғыстау өлкесіне тән төкпе күй дәстүрін дәріптеу, жас күйшілердің кәсіби шеберлігін шыңдау. Роза Айдарбаева бас болып, жетекшілік ететін қазылар алқасы құрамында Аманбек Сүндетов, Гүлперизат Ұлтаракова, Рахат Мәдіреев сынды мәдениет саласының майталмандары бар.
"Екі күнге созылатын, үш турдан тұратын байқауда қатысушылар тек Маңғыстау өлкесінің өзіндік өрнегімен ерекшеленген күйшілік өнерінің туындыларын ғана емес Роза Айдарбаеваның, сонымен қоса әкесі Тайман Айдарбаевтың күйлерін, бұдан бөлек Жетісу, Қызылорда өңірлерінің өнер туындыларын орындау мүмкіндігіне ие болады. Бас жүлдеге 700 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық тігілді",-деді Маңғыстау облыстық филармонияның директоры Бекбол Базарбаев.
"Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы" Атырау музыка колледжінің 3-курс студенті Жаннұр Қуаныш 9 жылдан бері домбыра тартады. Аталған өнер байқауына алғаш қатысуы. "Бар өнерімді салуға тырысамын. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін",- дейді Жаннұр Қуаныш.
Голрох Жеменей