Қала күні мен қазақ армиясының 30 жылдығына арналған мерекелік шаралардың тізбегі бүгін Ақтаудағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде жалғасты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
“Біртұтас ұлт - біртұтас әскер” атты жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін бағдарламамен Қорғаныс министрлігінің аймақта арнайы шаралар өткізіп жүргеніне бірнеше күн болды. Бүгінгі шарада маңғыстаулықтар әскери өнерпаздардың өнерін тамашалай алды. Концерттік бағдарлама әлем және қазақ классиктерінің таңдаулы туындыларынан құралған. Шара барысында ақпараттық-түсіндіру тобын басқарып келген Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі департамент басшысы Серік Борамбаев сарбаздарға алғыс хат табыс етіп, ата-аналарына ризашылығын білдірді.
-Маңғыстау облысына келгенімізге бірнеше күн болды, әскерлерге арнап жатқан жылы лебіздерге рахмет. Осы жерде отырған әскерилерге ол үлкен қолдау. Бізбен бірге келген қарулы күштердің патриоттық орталығының концерті назарларыңызға ұсынылуда. Сонымен қатар, қазақ армиясының құрылғанына 30 жыл толуына орай әскери бөлімдерде, мектептерде ерлік сабақтары өтуде. Қазіргі жас- ертеңгі Отан қорғаушылар. Соларға лайықты патриоттық тәрбие беру - ортақ міндетіміз, - деді С.Борамбаев.
Шара барысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев әскерилердің тәуелсіз Қазақстандағы рөлін айтып, осындай патриоттық бағдарламаларды ұйымдастырып жүрген азаматтарға алғысын жеткізді.
-Әскери азаматтар - кез-келген сәтте сақадай сай тұратын адамдар. Қиын сәтте тіпті жанын қиғандар да болды. Ел басына күн туғанда оққа кеудесін тосатын азаматтардың мерекесі, қазақ армиясының 30 жылдығы құтты болсын, - деді облыс басшысы.
Шара соңы мерекелік концертке ұласты.