© Фото видеодан скриншот. Подслушано Актау парақшасынан алынды
Оқиға 14 маусым күні сағат 21:30 шамасында 4 шағынаудан теңіз айлағында болған. Бала пирс пен пароход арасына құлаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Баланың анасы барынша айқай салып, жанындағылардан көмек сұраған. Сол сәтте қала тұрғыны Ағабек Мақұлбек дереу суға түсіп, баланы құтқарып қалды.
"Кезегімізді күтіп, пароходқа мінуге жақындағанда бір әйелдің жан дауысы шықты. "Кім жүзе алады, құтқарыңдар" деп айқайлап жатыр екен. Сол сәтте ойланбастан суға түстім. Теңіз қатты терең емес шығар деп ойладым. Алайда бойым суға толықтай батты. Оған қарамастан баланы қолыма алып, ауа жұтып алсын деп судың бетінде біраз тұрдым. Себебі құтқару кеудешесі мен шеңберін лақтырғанша, бала шошып қалмасын деген ой болды", - дейді қала тұрғыны Ағабек.
Бірақ Ағабектің ойлағанындай ешкім көмек қолын созбаған. Оның айтуынша, құтқаруға арналған жабдықтар берілмеген. Баланы құтқарар сәтте тынысы тарылып, күші таусыларда жанындағы адамдарға "Неге қарап тұрсыңдар, көмектесіңдер", - деп айқайлаған.
"Қолым тайып бара жатқан соң көмек сұрадым. Сонда ғана бір адамның қол созғанын байқап, баланы тартып алатынына сендім. Осылайша, баланы судан шығарып алдық. Судан шыққан соң пароход қызметкерлерінен құтқару саймандарының қайда екенін сұрадым. Бірақ жауап бермеді", - дейді қала тұрғыны Ағабек Мақұлбек.
Оқиға куәгерінің айтуынша, бала шамамен 7-8 жаста. Анасы қасында болған. Бастысы - бала аман-есен.
Ағабек Мақұлбек қазіргі таңда Әскери Теңіз Күштері 29011 әскери бөлімі, Теңіз жаяу әскері Десаттық шабуылдаушы батальоны, Теңіз жаяу әскери ротасының командирі болып қызмет атқарады. Бұрын-соңды мұндай жағдаймен тек оқу-жаттығу барысында бетпе-бет келген.
"Теңізде де, құрлықта да көп оқу жаттығуда болдық. Соның арқасында бірден баланы құтқару туралы шешім қабылдадым. Мен азаматтық борышымды атқардым, ешқандай ерлік деп санамаймын", - деді Ағабек Құрманәліұлы.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА