Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында медицина қызметкерлерінің күні аталып өтті. Салтанатты шара қарсаңында облыстың үздік дәрігерлері марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты. Ол медицина мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, ерлікке тең дәрігерлер еңбегі жайлы сөз қозғады.
— Пандемия кезінде медицина қызметкерлерінің еңбегі қаншалықты маңызды және жауапты екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Коронавирустың алғашқы соққысын дәрігерлер, уақытша, инфекциялық, карантиндік және модульдік ауруханалардың қызметкерлері алды. Күн сайын қауіппен бетпе-бет келсе де, ерлік пен адалдық танытып, біз үшін қымбат және жақын адамдарды құтқарды. Сонымен қатар созылмалы және басқа да дертке шалдыққан науқастардың денсаулығы мен өмірін сақтау үшін еңбек етті. Соңғы жылдары облыстың денсаулық сақтау жүйесінде үлкен өзгерістер болды. Емханалар мен ауруханалар заманауи медициналық құралдармен жабдықталды. Маңғыстауда алдыңғы қатарлы денсаулық сақтау мекемелері салынып, пайдалануға берілді. Бірегей операциялар жасалып, жаңа технологиялар қолданылып жатыр. Мұның барлығы ел Президентінің медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған тапсырмалары аясында орындалуда», – деді Нұрлан Ноғаев.