Жыл басынан бері Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясының «103» пультіне 107 943 қоңырау түскен. Оның ішінде 23298 қоңырау жұқпалы аурулар бойынша. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Жайнагүл Ілиясова айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Телефон арқылы көмекке шақыртып, кейін бас тартқан 743, телефон бойынша берілген кеңес 26, нәтижесіз шақыру 2629 қоңырау болған. Ал, шұғыл шақырту санаты бойынша 104 116 адамға көмек көрсетілген.
- 2022 жылдың 5 айында диспетчерлік шақырулар саны 100 мыңнан асты. Оның ішінде жұқпалы аурулар бойынша - 23298, жүрек-тамыр аурулары бойынша - 10689, жарақаттар мен уланулар - 6595, неврологиялық аурулар - 5026, тыныс алу органдарының аурулары – 8446, асқазан-ішек жолдарының аурулары – 5624, акушерлік және гинекологиялық аурулар – 8188, іш қуысының жедел хирургиялық аурулары – 1724, зәр шығару жолдарының аурулары – 797 және басқа да аурулар 33729 құрап отыр, - деді Жайнагүл Ілиясова.
Оның айтуынша, облыста жедел медициналық көмектің 9 бөлімі және 1 медициналық авиация бөлімшесі бар. Олар Жаңаөзен қаласының Рахат шағын ауданында, Мұнайлы ауданынының Маңғышлақ станциясы мен Атамекен ауылында, Бейнеу ауданының Бейнеу және Боранқұл ауылында, Қарақия ауданының Жетібай және Құрық ауылында, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында, Түпқараған ауданының Форт-Шевченко және Ақшұқыр ауылында орналасқан.
- Ал, 26-шағын аудандағы медициналық авиация бөлімшесінде тәулігіне 1 бригада көмекке шығады. Онда санитарлық автокөліктің 2 бірлігі, әуе көлігі, тікұшақ пен жалға алынған ұшақ бар. Алдымен медициналық авиацияның диспетчері көмекке мұқтаж науқастың құжаттамасы мен жай-күйін нақтылау үшін қосымша деректерді, медициналық қызметтердің нәтижелерін, пациенттің жай-күйі туралы ақпаратты сұратып, медициналық көмектің көлемін айқындайды. Содан-соң, үйлестіруші ұйымның диспетчеріне ұсыну үшін өтінім дайындайды. Жалпы 2022 жылдың 5 айында облыс бойынша 115 шақырту болды. Оның ішінде ұшақпен – 14, тікұшақпен – 10, санитарлық автокөлікпен – 91 құрады, - деді Жайнагүл Ілиясова.