Әйел—ана. Дені сау ұрпақ дені сау анадан туады. Алайда, өмірге аурушаң болып келіп жатқан сәбилердің де аз еместігі де рас. Мамандардың айтуынша, әйел заты, басқа жұқпалар сияқты, АИТВ инфекциясына да ерлерге қарағанда осал келеді екен. АИТВ жұқтырған жағдайда әйелдерге психологиялық кеңес беріле ме? Қандай кеңес беріп, қолдау көрсетіледі? Бұл сауалдарды ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың эпидемиолог дәрігері Камшат Қалменоваға қойдық.
-АИТВ инфекциясына қатысты ерлерге қарағанда, әйел заты көбірек осал келеді,-деді ол.-Бірақ, соған қарамастан, ерлер мен әйелдер инфекцияны парентералды жолмен бірдей жұқтырады. Әйелдердің психологиясы ерекше. Олар, өзінің басқа адамдармен өзара қарым-қатынас контексінде өзін тұлға ретінде сезінеді. Әйелдер үшін оның төңірегіндегілер өзі туралы не сезініп, қалай ойлайтыны өте маңызды. Әйелдер психологиясының ерекшелігі мен осалдығын білу, оған кеңес беру үшін қажет. АИТВ-ға тестілеуге дейін және одан кейін пациентке пайдалы кеңес беру үшін оның өмірлік басымдықтарын анықтау қажет. Оның құндылықтарына құрметпен қарау керек, оның бойында кеңес берушіге деген толық сенімін қалыптастыру керек. Оның ұнамсыз мінез-құлқын өзгерту мақсатында, әйелдерге тән басқаларға қамқор болу қасиетін пайдаланып, өзіне қамқорлық жасау қажеттігі туралы өзінің есіне салу керек. Жасыратыны жоқ, АИТВ-мен өмір сүруді үйренуге мәжбүр болатындар саны жыл өткен сайын көбейіп отыр. Олардың көпшілігі 18-35 жас аралығындағы жастар. Бұл–әйелдер үшін бала тууға мейлінше қолайлы жас болғандықтан АИТВ жұқтырылған анадан жарық дүниеге келген балалар саны да көбейіп тұр. АИТВ/ЖИТС-пен өмір сүретін әр әйелдің өз тарихы бар. Олардың көпшілігі серіктес ер адамның қауіпті өмір салтын ұстанатынын білмейді. Сондықтан тестінің оң нәтижесін алу мүмкіндігін талқылауға біраз уақытын қиюы керек. Кеңес беруші де клиентпен қауіпсіз қарым-қатынас стратегиясын мұқият қарастыруы керек. Оған қазір кеңес беру керек пе? Контрацепті қолданудағы қиындықтар бар ма немесе серіктес тарапынан балағаттау мен озбырлыққа ұшырау секілді қосымша қиындықтарды бастан кешіп жүр ме? Осындай жайттарды біліп алу қажет. Әйелдің АИТВ-ға тексеріліп-қаралудан өтуге деген ұмтылысы, көбінесе, балалы болуға деген қалауына байланысты болуы мүмкін. Бала туатын жастағы барлық әйелдер АИТВ және жүктілігі туралы ақпарат алуы тиіс. Ақпарат алғанның өзінде анадан инфекцияның ұрыққа берілуінің қауіп-қатерінің, контрацеп мүмкіндігінің және жұқтырудың қауіп-қатерін азайту үшін жоспарлаудың және бала туудың барлық аспектілерін егжей-тегжейлі қараудың сипаттамалары қамтылуы тиіс. Кеңес беру әйелдерге шешім қабылдауға көмектеседі. Тестілеуге дейінгі кеңес беру барысында жүкті әйелге АИТВ-ға тестілеу ерікті екенін хабарлау керек. Бірінші тестілеудің теріс нәтижесі кезінде әйелге екінші қайтара тексеріліп-қаралуы қажет екендігін түсіндірген дұрыс. Тестілеу оң нәтиже көрсетсе де, дереу екінші қайтара тексеру керек. Бұл қателіктерді болдырмау үшін қажет. Егер әйел жүктілігін жалғастыруды ұйғарса, оған АИТВ инфекциясы аясында жүктіліктің өту ерекшеліктері туралы ақпарат беріледі. Биылғы 5 айда орталықтың психоәлеуметтік кеңес беретін кабинетіне (ПӘК) жалпы саны 5925 адам тестіден өтті. Олардың арасында жүкті әйелдер саны—114. Өткен жылғы осы уақытта ПӘК-нен 126 жүкті әйел кеңес алған.
Бұл вирустан ешкім де сақтандырылмағанын ескерген жөн. Ал оң нәтиже болса, асып-сасудың немесе қорқудың қажеті жоқ.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА