Қазіргі уақытта бақша өнімдері арасындағы қауын мен қарбыздан улану фактілері жиі кездеседі. Мұның бірден-бір себебі – бау-бақша өнімдерінің бақылаусыз саудаға өтіп кетуі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, ерте піскен қарбыз құрамында нитрат мөлшері шамадан тыс болады. Сондықтан қарбыз жеудің қолайлы уақыты – шілде айының соңы мен тамыз айы.
Ерте піскен жеміс-жидектер мен көкөністерді тек қана арнайы дүкендер мен базарлардан сатып алған дұрыс. Талап бойынша, нитраттың негізгі жарамды көрсеткіші қауында – 90 мг/кг, қарбызда – 60 мг/кг болу керек. Ал артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке және жүрек-қан тамыр ауруларына алып келіп, иммунитеттің төмендеуіне негіз болады.
Нитраттар қарбыздан бөлек, қырыққабат, қияр, сәбіз және көкшөптерде де жиі кездеседі.Адам ағзасына түскен нитраттар тотығу үдерісінің нәтижесінде нитриттерге, яғни уға айналады. Бұл, әсіресе, балаларға, егде жастағылар мен жүкті әйелдерге өте қауіпті. Сондай-ақ, нитраттар аллергияға себеп болып, қалқанша безін, зат алмасу және орталық жүйке жүйелерін зақымдайды. Ал оның шектен тыс мөлшері улануға, кей жағдайда адам өліміне де әкеліп соқтырады.