Хирургиялық араласудың бұл түрі жоғары технологиялық медициналық қызмет. Ота дәрігердің нұсқауы бойынша МӘМС аясында тегін жүргізіледі, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық ауруханасында биылдан бастап тізе және жамбас буынын ревизиялық протездеу операциясы жүргізіле бастады. Бұрын мұндай сырқатпен келген науқастар Нұр-Сұлтан қаласындағы емханаларға жіберілетін.
Жоғары санатты травматолог-ортопед, Маңғыстау облыстық ауруханасы ортопедия бөлімінің меңгерушісі Жәнібек Түймебаевтың айтуынша, дүние жүзінде миллиондаған адам жасанды буындармен өмір сүреді. Уақыт өте келе олар жарамсыз болуы мүмкін. Сондықтан ревизиялық артропластика арқылы бөлшектерді ауыстыру қажет.
— Биыл Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының ортопедия бөлімшесі тек бастапқы ғана емес, ревизиялық протездеумен де айналыса бастады. Мұны тек біздің облыстық аурухана дәрігерлері жасайды. Бастапқы жамбас артропластикасының әдістемесі бүкіл әлемде бұрыннан таныс. Ал ревизиялық артропластика дәрігерден жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін күрделі операцияның бірі. Ревизиялық артропластика техникасы эндопротезді бастапқы орнатудан ерекшеленеді. Себебі - бастапқы имплант айналасындағы сүйек тінінің айтарлықтай жоғалуы. Эндопротездің құрамдас бөліктерін бекіту үшін науқастың өз сүйегінің бір бөлігін, мысалы, жамбас сүйегінен алып, жойылғанның орнына орнату қажет болуы мүмкін. Тізе және жамбас буынының ревизиясы алдыңғы импланттың бір бөлігін немесе барлығын жаңа эндопротезбен ауыстыруды қамтиды, - деп түсіндіреді Жәнібек Базарбайұлы. – Көп жағдайда тізе және жамбас буындарын қалпына келтіру операциясы қайта қарауды қажет етпейді. Бірақ кейбіп жағдайда екінші хирургиялық араласу қажет болуы мүмкін