Оқырман назарына Айбек Қосуақовтың хабарламасының толық нұсқасын ұсынамыз.
Ардақты ағайын, құрметті жерлестер!
Бүгінгі күні Жаңаөзен қаласындағы 5 мекемеде еңбек дауы жүріп жатыр. Компания өкілдері күні кеше, 15 маусымда қала әкімдігінің алдына жиналып, бейнеүндеу жолдаған болатын.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек даулары белгілі бір тәртіппен жүруі тиіс. Бұл екі тараптың өз ұстанымдарын егжей-тегжейлі түсіндіре отырып, қарама-қарсы дәлелдерді тыңдай алатын сындарлы диалог жолы.
Алайда, көп жағдайда тараптардың бірі белгіленген тәртіпті елемей, өз мәселелерін ультиматум қою арқылы, заңсыз ереуілдер өткізу арқылы шешкісі келеді. Өкінішке орай, мұндай жағдайға арандатушылардың сөзіне ерген кәсіпорын қызметкерлері барып жатады.
Бұл жағдайда жұмыс беруші ереуілді заңсыз деп тану үшін сотқа жүгінуге және сот оң шешім қабылдаған жағдайда жұмыстан босатуға дейін шаралар қабылдауға құқылы.
Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдында тұрған жұмысшылардың бұрын еңбек еткен компаниялары бүгінгі күні штаттық режимде жұмыс істеуде. Жұмыс берушілер келіссөз кезінде қызметкерлеріне барлық заңдарды алға тарта отырып, заңсыз әрекеттер жасамауға шақырған. Алайда түсіндірме жұмыстары нәтижесіз аяқталып, компания басшылығы ұжымның өзге қызметкерлеріне кедергі келтірген азаматтарды сотқа беріп, жұмыстан шығаруға мәжбүр болды.
Сот шешімімен жұмыстан босап қалған жұмысшылар қала әкімдігіне бұрынғы жұмысына қайтаруды талап етіп келді. Алайда, мемлекеттік органдардың жеке компанияларға қандай да бір адамды жұмысқа орналастыру туралы нұсқау беруіне құқығы жоқ.
Біз әріптестерімізбен осы компаниялардың жұмыс берушілерімен және жұмысшыларымен бірнеше рет кездесіп, сөйлестік. Біз мәселені дау-дамайсыз шешуге шақырдық. Жұмыс беруші қызметкерлеріне әділ болып, еңбек етулеріне қолайлы жағдай жасауға тырысулары қажет. Ал, қызметкер еңбек шартында көрсетілген міндеттемелерді адал орындауға тиіс.
Ереуілге шыққан барлық қызметкерлерге заңсыз әрекеттері үшін жұмыстан шығып қалулары мүмкін екендігі ескертілді. Алайда, мұны түсініп, ереуілге шыққан жұмысшылар ереуілді тоқтатудан және жұмысын қайта бастаудан бас тартты.
Өкінішке орай, көп жағдайда тараптар конструктивті диалогқа келмей, мәселені заңсыз митингілер мен ереуілдер арқылы шешуге ұмтылады. Бұның соңы жақсылыққа әкелмейді.
Жұмыс беруші жұмысшылардың штаты мен қызметкерлердің жалақысын ауадан алып, көбейте алмайды. Бұл нарық заңы. Егер жұмыс берушінің қаржылық жағдайы төмендесе, өндіріс көлемі мүлдем жоғалып, тапсырыс берушінің алдындағы міндеттемелерін орындай алмай қалады. Ол қызметкерлердің жұмыссыз қалуына алып келуі мүмін.
Қадірлі жерлестер!
Әлемдегі күрделі экономикалық және геосаяси жағдайды ескере отырып, қазіргі уақытта бәрімізге бірлік пен шыдамдылық таныту қажет.
Сондай-ақ бізге бекітілген алгоритмнен айналып өтіп, мұнай саласына кезексіз жұмысқа орналасуды талап ететін жұмыссыздар санатындағы азаматтар өтініш білдіруде. Мен оларға бұл жөнінде бір емес бірнеше рет айттым. Тағы қайталап айтамын - кезектен тыс жұмысқа орналасуға болмайды, өйткені бұл кезекте тұрған басқа кандидаттарға әділетсіздік болады. Сіздің кезегіңіз келгенше, өз кезегіңізді сақтай отырып, жұмыспен қамту орталығы ұсынатын 150 000-нан 200 000 мың теңгеге дейінгі жалақсы бар басқа орындарда жұмыс істей аласыздар.
Мен өз тарапымнан осы процестің ашықтығы мен әділетті боларына кепілдік беремін.
Заңсыз талаптардың соңы бізді ешқандай жақсылыққа апармайды. Біз сиқыршы емеспіз және мұнай саласында мыңдаған жұмыс орыны қысқа мерзімде құра алмаймыз. Бірақ біз қарап отырған жоқпыз. Шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлік мемлекеттік бағдарламаларды енгізе отырып, экономиканы әртараптандыруға басымдық беріп жатырмыз.
Баршаңызды қаламызды көркейту үшін жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілікте еңбек етуге шақырамын, - деп жазады Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов.