Бейнеу ауданына қарасты Боранқұл ауылының спортшысы Берекет Бозаев грэпплингтен Азия елдері арасындағы біріншілікте топ жарып, чемпион атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Бейнеу ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, маусымның 3-4 күні Түркістан қаласында грэпплингтен «Түркі әлемі» атты ашық турнир өтті. Турнирге Азия елдерінің спортшылары қатысты. Сайысқа «Боранқұл» орта мектебінің 7-сынып оқушысы Берекет Бозаев қатысып, өз салмақ дәрежесі бойынша І орын алды.
- Грэпплинг аралас жекпе-жек түрлерінің ажырамас бөлігі болғандықтан жастардың оған қызығушылығы өте жоғары. Бейнеу ауданында бірнеше грэпплинг үйірмесі бар. Өлкемізде жастарды спортқа баулып, бұқаралық спортты дамыту жолында көптеген шаруалар жасалып жатыр. Соның арқасында біздің жастарымыз көптеген сайыстардан жеңіспен оралуда.
Берекет Бозаев кішкентайынан дзюдо күресіне қатысты. Соңғы жылдары грэпплингке келіп, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Берекеттің жеңісі ол ауданымыздың спорттық көрсеткіші деп ойлаймын. Чемпионат Түркістан қаласында өтті. Сайыс өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Қазылар алқасы да әділ болды деп ойлаймын.Берекет бірнеше елдің палуандарымен белдесіп, барлығын да жеңіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Берекетті алда талай жеңістер күтіп тұр, - деді чемпионның бапкері Рамазан Нұрбаулиев.