Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында өз ісін өркендетіп, жеке кәсібін нәтижелі жүргізетін нәзік жандылар легі толысып келеді. Тігіншілік өнерді кәсіп еткен Назкен Елемесова мемлекет қолдауымен шағын бизнесін алға жылжытып, адамдарды жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме бере отырып.
Назкен Елемесова жастайынан іс тігіп үйренген. 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушы ретінде 612 мың теңге грант ұтып, бала күнгі арманын іске асыруға бел шеше кіріседі. Қаржыға тігін машиналарын сатып алып, шағын ғимаратты жалға алады. Қазір 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Үш келіншектің тігін курсын оқып, тәмамдауына мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда Бейнеу тұрғындарына Назкен Махмуд брендімен танылған жас кәсіпкер жоғары сапалы қызмет көрсетіп келеді. Сән индустриясын дамытуды мақсат еткен ісмер келіншектің болашаққа жоспары нық, мақсаты айқын. Бейнеу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қал-қадірінше үлес қосып келеді.
-Тігін тігуді бала күнімнен жаным сүйетін. Өз ісін бастап кетуге ниетті жандарға грант барын біліп, өтінім беріп, қолдау қаржы алдым. Кәсіп ашып, еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп,- дейді Назкен Махмуд.