Бейнеу ауданының 50 жылдық мерекесі қарсаңында аудан орталығында жаңа балалар –жасөспірімдер спорт мектебі ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған жаңа спорт мектебінің іргетасы 2022 жылы қаланған. Аумағы – 1875,57 шаршы метр. Жаңа спорттық нысан аудан тұрғындарының ұсынысы бойынша салынды.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов, аудан басшылығы, арнайы шақырылған қонақтар мен аудан тұрғындары қатысты.
- Әлеуметтік желі арқылы Бейнеуде болып жатқан күнделікті жаңалықтар мен өзгерістерді бақылап отырамыз. Өткен аптада осы аудан орталығында, Жібек жолы көшесінде жаңа ашық футбол алаңы ашылды. Сондай-ақ "KASPIY" жүзу бассейнінде балалар арасында жүзуден аудандық жарыс өтті. Одан басқа осы ауданнан шыққан спортшылар әртүрлі деңгейдегі республикалық, халықаралық турнирлердің жүлдегері атанып жатыр. Оның барлығы Бейнеу ауданындағы спорт саласының дамуының көрсеткіші деп ойлаймын. Ашылғалы тұрған жаңа спорттық нысан да жақсы үлгіде жұмыс жасап, бұл жерден де мықты спортшылар мен чемпиондар шығады деп ойлаймын және соған тілектеспін!- деді облыс әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов.
Жаңа спорт кешенінде баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ, футбол, үстел теннисі үйірмелеріне арналған алаңдар бар. Аталған үйірмелерге 600-ден астам спортшы қабылдау көзделген.