Маңғыстау облысының әкімі жұмыс сапарымен Бейнеу ауданына барды. Аймақ басшысы ауылдарды аралап, Сыңғырлау, Ақжігіт және Тәжендегі әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы ең алдымен Сыңғырлау ауылының тұрғындарымен кездесті. Ауыл тұрғындары ауылішілік газ құбырын жаңғырту, экологиялық мәселелерді шешу, балалар ойын алаңдарын салу, сонымен қатар ауылға кіреберіс жолды жарықтандыруға қатысты сұрақтарын қойды.
Сыңғырлау ауылында 500-ден астам халық тұрады, олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл тұрғындары облыстың мәдени өміріне белсене араласады. Биылғы жылы Сыңғырлаулық Тастеміровтер отбасы «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық байқауының республикалық кезеңінің лауреаты атанса, өткен жылы Себепбаевтар отбасы көш бастап келген еді. Сонымен қатар Бітімовтер отбасы облыстық «Абысын-ажын» байқауында тамаша нәтиже көрсетті.
Облыс әкімінің сапары Ақжігіт ауылында жалғасып, жергілікті орта мектептің жай-күйімен танысты. Мектепте өткен жылы жаңғырту жұмыстары жүргізілген, нысанның қасбетіне жөндеу жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Онда 200-ден астам мектеп оқушылары білім алып, 50 мұғалім сабақ береді.
Тұрғындармен кездесуде ауыл тұрғындары жаңа ауыз су қоймасы, спорт кешенін салу қажеттігін айтып, дәрігерлер тапшылығы мәселесін де сөз етті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамытуда шағын шаруа қожалықтарын қолдау басты рөл атқаратынын атап өтті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы өз тиімділігін растады. Мемлекет ауыл тұрғындарына халықты сумен қамту, әлеуметтік құрылыс пен ауылды дамытуға байланысты мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетуде. Президенттің Қазақстан халқына соңғы Жолдауында атап көрсеткен су ресурстарының тапшылығы проблемасы үлкен назар аударуды қажет ететінін айта кеткен жөн. Бүгін біз сіздердің өтініштеріңізді мұқият тыңдадық, уәкілетті органдар бұл мәселелерді шешу үшін қажетті шаралар қабылдайды»,- деді Нұрлан Ноғаев.
Нұрлан Ноғаев Тәжен ауылында да болып, тұрғындар дәрігерлік амбулатория салу және жолдарды төсеу мәселелерін көтерді.
Сонымен қатар аймақ басшысы «Тәжен» кеден бекетіндегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Пост Қазақстан-Өзбекстан шекарасында орналасқан және көпжақты жүк, жолаушылар және автомобиль тасымалы үшін ең ірі халықаралық өткізу пункті болып табылады. Жаңғырту аяқталғаннан кейін кеден бекетінің өткізу қабілеті екі есеге артатыны айтылды.
Нұрлан Ноғаев тиімді кедендік бақылаудың маңыздылығын және «Тәжен» кеден бекеті арқылы транзит көлемін арттыру мүмкіндігін атап өтті. Бұл шаралар экономикалық байланыстарды дамытуға және әртүрлі аймақтар арасындағы тауар алмасуға ықпал етпек.