Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев қаланың санитарлық тазалығына жауапты мекеменің жұмысымен танысты. Жылыту маусымына дайындық барысы мен жасыл желектерді суаруға жауапты мекеменің жұмысы да әкім назарынан тыс қалмады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қаласының аумағында жеке және заңды тұлғалардан тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын 8 мекеме бар. Ал санитарлық тазалыққа «Ақжол+К» ЖШС жауапты. Қала әкімі Ұлықбек Тналиев тұрғындар мекемелердің әр шағын ауданнан қоқысты қашан шығаратынын біліп отыру үшін тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына қоқыс жинау кестесін жасақтауды тапсырды.
-Қоқыс уақытында алынып, тротуарлар мен көшелер сыпырылып, шағын аудандардың іші тазаланып, қоғамдық көлік уақытында келсе тұрғындарда ешқандай шағым болмайды. Сондықтан жұмысты сапалы жасау керек. Осы мақсатта қала тұрғындарының назарына әр бір тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын мекеменің қай шағын ауданда, қай уақытта қоқыс жинайтыны жөнінде кесте жасақтап, «Маңғыстау облысының әкімдігі» телеграм арнасы мен әлеуметтік желілерге жариялап отыру қажет. Сонда тұрғындар да хабардар болып отырады. Қала тазалығы басты назарда болуы тиіс, - деді Ұлықбек Тналиев.
Қала әкімі жауаптыларға қалада сенбі, жексенбі күні де қоқыс жәшіктері таза тұру қажет екендігін айтып, осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды. Ақтаудың санитарлық тазалығына жауапты «Ақжол+К» ЖШС мекемесінің директоры Даурен Жапаровтың айтуынша, қалада кей шағын аудандарда шығарған қоқыс төлемін уақытылы төлемейтін тұрғындар да бар. Мәселен, «Толқын 1», «Толқын 2» шағын аудандарында 110 үй қоқыс шығаратын мекемеге ақшасын төлемеген. Тіпті компаниямен келісім-шарт та жасамаған. Қала әкімі жауаптыларға қоқысты алу бағытында жұмыс жасайтын компаниямен шарт жасау қаншалықты маңызды екенін түсіндіру мақсатында тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Нысандарды аралау барысында қала басшысы қаладағы автомобиль жолдарын күтіп ұстайтын мекеменің жұмысымен де танысып, арнайы техникалардың қысқы дайындығын тексерді.