Бейнеу ауданына қарасты Сарға, Тұрыш, Ақжігіт ауылында «Сөз бен саз» концерттік бағдарламасы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жергілікті ақын, сазгерлердің шығармаларын жаңғыртып, танылмай жүрген өнерпаздарды халыққа таныстыру мақсатындағы бағдарлама жоғарғы деңгейде өтті. Концертте республикаға танымал әншілермен қатар ауылдық өнер ұжымдарының өнерпаздары және басқа да талантты жандар өз өнерлерін көрсетті. Мәдени шара маусым айының 14-15 күні өтті.
Бағдарлама қонақтарын ең әуелі Сарға ауылы күтіп алды. Сарға ауылының азаматтары ауылдық мәдениет үйінің алдына ағаш үй тігіп, қонақтарды сән-салтанатпен қарсы алды.
Жергілікті ақындар мен қолөнер шеберлерінің туындыларына көрме қойылды. Концерттік бағдарламада Көмек Ыбыраев, Ерекен Қорабаев, Елдос Еміл, Рахат Қосбармақ сияқты ақын-сазгерлердің шығармалары орындалды.
Айгүл Құбаш, Бердіғали Ақшабаев, Бағдаулет Толыбекұлы, Эльвира Есназарқызы, Сұңғат Тәжиев және тағы да басқа әншілердің әндері Сарға көгін керемет сазға бөледі. Оңдасын Хазіретұлы мен оның шәкірті Қырымбек Сұлтановтың тартқан күйлері көрермендерге ерекше ұнады.
Сарға ауылынан кейін Сам ауылында «Сөз бен саз» бағдарламасы үшін арнайы бәйге ұйымдастырылып, атшабыс болды. Содан соң концерттік бағдарлама Тұрыш, Ақжігіт ауылдарында жалғасты.
Заманауи әндерге қоса ескінің үні – Сүгір Бегендікұлы, Қаржау Тұрсын, Мая Досат, Бегей Қайып, Абыл Тарақұлы, Жолды Қосайұлы сияқты жыршы, күйші, қайқылардың шығармалары орындалды.
- «Сөз бен саз» бағдарламасы келеді деп ауыл азаматтары жақсы дайындалды. Демеушілерге де, қолдаушыларға да рахмет айтамыз. «Сөз бен саз» - көнені жаңғыртып, жаңаны жариялайтын өте керекті бағдарлама. Әсіресе ауыл тұрғындары үшін, ауылда жатқан талантты жандар үшін өте керек. Бердіхан Әлмен бастаған бұл ән мен жыр кеші тұрғындар тарапынан қолдау тауып, елдің ыстық ықыласына бөленді,- деді Сарға ауылының әкімі Тұрлан Еміл.