Ақтауда ақсақалдар арасында шахмат пен дойбыдан «Қарттарым – асыл қазынам» атты ашық облыстық турнир өтті. Бұл іс-шара Халықаралық қарттар күніне және қаланың 60 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спорттық жарысқа облыстың 40-тан астам ардагері, соның ішінде, Маңғыстау облысының ақсақалдар кеңесінің мүшелері, облыстағы құрметті ардагерлер мен тыл ардагерлері, мемлекеттік қызмет және мәдениет саласының ардагерлері қатысты.
Турнир жеке және командалық есепте өткізілді. Бұл ардагерлерге ойынның әртүрлі форматтарында өз дағдылары мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетуге мүмкіндік берді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өзінің құттықтау сөзінде қатысушыларды Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, оларға зор денсаулық, бейбітшілік пен жанұяларына амандық, ұзақ өмір және қуанышты сәттер тіледі.
- Құрметті ардагерлер! Бірінші қазан күні Маңғыстауда, бүкіл елімізде, Қарттар күні атап өтіледі. Бұл күні біз аға буын өкілдеріне – өмірлік ұстаздарымыз бен тәлімгерлерімізге, Тәуелсіз Қазақстанды құрауға атсалысқан ардагерлерімізге ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Сіздердің мол тәжірибелеріңіз келер ұрпақ үшін баға жетпес өнеге. Алдағы уақытта да сіздердің үміттеріңізді ақтап, лайықты ізбасарларыңыз болуға тырысамыз. Бүгінде құрметті еңбек демалысында болғандарыңызға қарамастан, өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласып, көпке үлгі болып келесіздер. Сіздерге Отанымыздың игілігі жолындағы адал еңбектеріңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз, - деді Нұрлан Ноғаев.
Іс-шара соңында «Өнерлі ақсақал» және «Батагөй ақсақал» номинациялары бойынша қарттарды марапаттау рәсімі өтті.