Бейнеу ауданында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 100, 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан жеке кәсіпкерлердің қатысуымен жәрмеңке өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Биыл Бейнеу аудандық жұмыспен қамту орталығының құрылғанына - 11 жыл. Жәрмеңкенің мақсаты - тұрғындарға мемлекеттік грант туралы ақпарат беру, жұмыссыз адамдарды жаңа бизнес идеялармен шабыттандыру және жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерінің танымалдылығын арттыру.
Қайтарымсыз грант 2018 жылы - 5 , 2019 жылы – 96, 2020 жылы – 102 , 2021 жылы – 111 адамға берілді. Жәрмеңкеде кәсіпкерлердің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды. Жәрмеңкенің ашылуында аудан әкімі Бейнеубек Әбілов сөз сөйлеп, кәсіпкерлердің еңбектеріне мол табыс тіледі. Ұжымда белсенділік танытып, үздік еңбек еткен қызметкерлер алғыс хатпен марапатталды.
- Бұл орталық аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуда, ауданымыздың саяси-әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында көптеген жұмыстарды атқарып келеді. Бүгінгі жәрмеңкеміз де осы орталықтың қажырлы еңбегінің жемісі деп есептеймін, - деді Бейнеу аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Қанағат Назарханов.