Республикалық білім беру гранттарына қоса, Атырау және Маңғыстау облысының түлектеріне қосымша 10 мың грант бөлінді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының м.а. Динара Жұмашева мәлімдеді.
Оның айтуынша, Маңғыстау түлектері үшін еліміздің 43 жоғары оқу орынына педагогика және техникалық мамандықтарға 6 000 білім беру гранты тағайындалған (Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, ШҚО, СҚО, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облысының ЖОО).
- Осы мақсатта еліміздің 34 жоғары оқу орындары өкілдері 18-21 мамыр аралығында облыс түлектерімен 10 кездесу өткізді. Шараға облыс әкімінің, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысып, 3,5 мыңнан астам түлек қамтылды. Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектерге аталған 43 жоғары оқу орындарының буклеттері, презентациялық материалдары таратылды. Білім басқармасының әлеуметтік желі парақшаларына 6 000 грант жөнінде ақпараттар берілді. Қазірге уақытта білім беру гранттары жөнінде ақпараттық түсінік алу үшін әр мектепте кеңес беру пункттерін ашу жөнінде тапсырмалар берілді. ҰБТ-дан тиісті шектік баллды жинаған түлектер өз мектептеріне барып, қажетті ақпаратты алуға болады, - деді Динара Жұмашева.
13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім беру грантына конкурс басталады. Конкурсқа қатысып Ұлттық ЖОО-ға түсуге – кемінде 65 балл, «Педагогика» мамандықтарына кемінде 75 балл, «Ауылшаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтары топтары бойынша – кемінде 60 балл, басқа ЖОО-ға – кемінде 50 балл, «Жалпы медицина» мамандықтарының топтары бойынша – кемінде 65 балл, оның ішінде негізгі және бейіндік пәндерден кемінде 5 баллдан төмен болмауы қажет.
Айта кетейік, 10-20 шілде аралығында Ақтау қаласы №13 гимназиясында талапкерлер үшін кеңес беру пункті жұмыс жасайтын болады. Оған нысаналы 43 ЖОО өкілдері шақырылды.