Ақтау қаласының полиция басқармасына алаяқтың тұзағына түскен үш жергілікті тұрғын арыз берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Алаяқ демалыс маусымын пайдаланып, тұрғындарды алдап, Түркияға саяхат жасау үшін арзан билет алып беруге уәде етті. Салдарынан жәбірленушілерг жалпы сомасы 2 734 000 теңге көлемінде залал көрді. Криминалдық полиция қызметкерлері "Anti-fraud" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында 36 жастағы азаматты анықтап, ұстады. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу жалғасуда.
Екі күнге созылған "Anti-fraud" жедел алдын алу іс-шарасы барысында криминалдық полиция қызметкерлері 10 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Маңғыстау облысының полиция департаменті азаматтардан бейтаныс адамдарға негізсіз ақша бермеуді, көрсетілетін қызметтерді мұқият зерделеуді; жан-жақты пікірлермен танысып, содан кейін ғана қаржылық операцияны жүргізуді сұрайды. Алданған жағдайда дереу полицияға хабарласу керек.