Бүгін, 4 тамызда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев полиция және өрт сөндірушілер арасында өткен дүниежүзілік ойындардың жеңімпаздарымен, сондай-ақ күрестен Азия және әлем чемпионатының жүлдегерлерімен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция және өрт сөндірушілердің бүкіләлемдік ойындары (World Police and Fire Games) 22-31 шілде аралығында өтті. Жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен полиция, төтенше жағдайлар, кеден және түзету мекемелерінде жұмыс істейтін 13 мыңға жуық қызметкер қатысты. Қатысушылар 60-тан астам спорт түрінен бақ сынасты.
Маңғыстаулық полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер XIX дүниежүзілік ойыннан бокс, каратэ және пауэрлифтинг сияқты спорт түрлері бойынша бақ сынасып, 4 алтын және 3 күміс медаль иеленді.
Сонымен қатар кездесуге 31 шілдеде өткен еркін күрестен U17 әлем чемпионатында бірінші орын алған Ақтаулық спортшы Камиль Куруглиев қатысты. Спортшы 92 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын.
Сондай-ақ кездесуге Бішкек қаласында (Қырғызстан) күрестен өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы
Әлібек Сәрсенғалиев те қатысты.
Өңір басшысы қатысушыларды жеңісімен құттықтап, оларға табыс тіледі.
- Сіздер өздеріңізді әлемдік додада көрсете білдіңіздер. Спорт саласында жеткен жетістіктеріңіз - біз үшін үлкен мақтаныш. Біліктілікті арттыру, қиындыққа қарсы тұру жолында өздеріңізді дәлелдеп келесіздер. Осы жетістіктеріңіз арқылы жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, оларды жігерлендіріп, алға қойған мақсаттарына жетуге талаптандырасыздар- деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Кездесу соңында өңір басшысы жеңімпаздарды алғыс хаттармен марапаттады.