© Фото сайт архивінен
Ақтау қаласында жаңа аялдамалар кезең-кезеңімен жабдықталатын болады. Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналына тұрғынның жолдаған сұрағына жауап берген Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желі қолданушысы 16-шағынауданда жабдықталған автобус аялдамасының жоқ екенін айтып шағымданған. Тұрғынның сауалына жауап берген Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері бұл мәселе басты назарда екенін айтты.
Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, Ақтау қаласындағы ескі аялдамалар жеке кәсіпкерлерге коммерциялық нысан салу арқылы қайта жабдықтау үшін беріліп жатыр. Бүгінгі таңда қала бойынша 10-нан аса аялдама жаңартылған. Ал қалған аялдамаларды жабдықтау мақсатында бюджеттен қаражат бөлу бойынша ұсыныс берілген. Мамандардың сөзінше, қаражаттың бөлінуіне орай, аялдамалар кезең-кезеңімен жабдықталмақ.