Қарақия ауданының Құрық ауылында «Бір ауыл - бір өнім» республикалық пилоттық жобасы жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмыс барысын көруге барған Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков кәсіпкерлерге қолдау білдіретінін айтты.
Жобаға Маңғыстаудағы іскер әйелдер кеңесі мен «Atameken» ұлттық кәсіпкерлік палатасы атсалысуда.
Бүгінгі таңда осы жоба аясында ауыл әйелдеріне семинар өтіп жатыр.
Маңғыстау облысы бойынша іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихованың айтуынша, аталған жоба республика бойынша тек 4 облыстың 4 ауылында жүзеге асып жатыр.
- Әлемде төрт-түлік малдың жүн өнімдеріне сұраныс жоғары. Қазіргі халықаралық трэнд - эко материалдар. Мақсатымыз ауыл әйелдерін тартып, оларды осы кәсіпке үйретіп, кооператив ретінде жоғары сапалы өнімдерді экспортқа шығару. Осы мақсатта әріптестеріммен бірге Қырғызстан мемлекетіне барып, тәжірибе алмасып келдік. Қазіргі таңда Қарақия ауданынан бөлек, Мұнайлы, Маңғыстау ауданынан іскер әйелдер келіп, арамызға қосылып жатыр, - деді Сәуле Салихова.