Түпқараған ауданына қарасты Сайын Шапағатов ауылында «Бағдат» жекеменшік балабақшасы ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
75 орындық балабақшаның ашылу салтанатына Түпқараған ауданы әкімі Рахат Елтизаров, аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Утесбаева және ауыл әкімі, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты түрде лента қию құрметі ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайын Керелбаев пен ардагер ұстаз Нағима Садыковаға берілді. Лента қию рәсімінен кейін қонақтар балабақшаны аралап көрді.
- Бүгінде баршамыздың алдымызда тұрған зор міндет – ұрпаққа заманауи білім беріп, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау. Бала бойындағы мүмкіндіктерді ашу. Сол себепті де мемлекетіміз балабақшада, мектепте, мектептен тыс уақытта балалардың тиісті күтім мен қамқорлық көруіне жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда Түпқараған ауданында 27 балабақша жұмыс істеп тұр. Оның 11-і мемлекеттік, 16-ы жекеменшік бөбекжай. Жұмысын бастағалы тұрған «Бағдат» бөбекжайының қабырғасынан тәрбиелі, саналы ұрпақтың негізі қаланып шығатындығына сенім білдіремін, - деді аудан әкімі Рахат Елтизаров.