Ұлттық спорт түрлерінен жарыс Жаңаөзен қаласындағы «Aq qanat» атшабарында өтсе, Сайын Шапағатов ауылында жүйріктер аламан, құнан және тай бәйгеде сынға түсті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жаңаөзендегі жарыс екі күнге созылды. Ойыншылар аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, тазы жарыс, қақпан құру, саятшылық, тері илеу және теріге сурет салу, тай жарыс, кіші аламан жарысы, аламан бәйге (30 шақырым), құнан бәйге (9 шақырым), ұшқыр бәйгеде (3 шақырым) өзара сынға түсті.
Тай жарыста Рахат ауылының сейісі Асылбек Машановтың «Сабыр» атты жүйрігі қараны үзіп шықты. Ал үш айналым жасаған құнан бәйгеде ақшұқырлық Қаржаубай Сарбаевтың «Ботагөзі» бас бәйгені еншіледі. Ошақ бәйгеде теңгелік Исенбай Қалдамановтың «Қараторғайы» мәреге бірінші жетті.
Ал Түпқарағандағы дода балалар жылы аясында ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.
46 шабандоз жарысқан аламан бәйгеде ақтаулық Еркін Жанаевтың жүйрігі мәреге лезде жетті. Екінші орын Қамза Бимырзаевқа бұйырса, үшінші орынды Әлеке Бөлтеков алды.
Түпқарағандағы дүбірлі доданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы диплом мен ақшалай сыйақы табысталды. Шара барысында ұлттық спортқа өзіндік үлес қосып, қолдау көрсеткен бірқатар азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.