10-20 шілде аралығында Ақтау қаласының №13 гимназиясында талапкерлерге арналған кеңес беру пункті жұмыс істейді. Оған 43 ЖОО өкілдері шақырылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Маңғыстау ауданының әкімдігі мен білім бөлімі бірлесіп өткізген түсіндіру жұмысында айтылды.
Мектеп түлектеріне 2021-2022 оқу жылына арналған білім беру гранттары туралы толық ақпарат берілді. Атап айтқанда, Маңғыстау облысының түлектеріне Алматы, Нұр-сұлтан, Қостанай қаласы мен сондай-ақ ШҚО, СҚО, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облысының 43 беделді жоғары оқу орнына педагогикалық және техникалық мамандықтарға 6 000 білім гранты бөлінгені туралы да ақпарат берілді.
- 10-20 шілде аралығында Ақтау қаласының №13 гимназиясында талапкерлерге арналған кеңес беру пункті жұмыс істейді. Оған 43 ЖОО өкілдері шақырылады. Сонымен қатар, ауданның 17 білім беру ұйымдарында түлектерге кеңес беру пункттері жұмыс істейді. 13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім беру гранты конкурсына құжат қабылданады. Конкурсқа қатысу үшін ұлттық ЖОО-ға түсуге тестілеу нәтижелері бойынша кемінде 65 балл, «Педагогика» мамандықтарына кемінде 75 балл, «Ауылшаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтары топтары бойынша – кемінде 60 балл, басқа ЖОО-ға – кемінде 50 балл, «Жалпы медицина» мамандықтарының топтары бойынша – кемінде 65 балл, оның ішінде негізгі және бейіндік пәндерден кемінде 5 баллдан төмен болмауы қажет, - деді Маңғыстау аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Қалиева.