Ақтаудағы №3 маршруттың жүру бағытына өзгеріс енгізілді. Бұл — жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында жүзеге асырылды, деп хабарлайды mangystaumediа.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналында қала тұрғыны сұрақ қойып, оған Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері жауап берді.
Желі қолданушысы бұрын 19-шағынауданындағы «Ханшайым» тұрғын үй кешенінің алдына дейін келетін №3 автобус, соңғы кезде неге келмейтін болғанын сұраған. Жауаптылардың айтуынша, бүгінгі таңда 19 және 30-шағынаудан арасындағы жолмен көліктер бұрынғыдан көп жүретін болған. Автобус сол жолды көлденең қиып бұрылғанда, жеке көліктерге кедергі келтіреді және апат қатері де бар.
- Осыған байланысты полиция басқармасынан да жол қауіпсіздігін сақтау бойынша нұсқаулық түскен болатын. Қазір аталған шағынаудандар аралығын аудандық №107 маршруты қамтып отыр. Алда жаңадан маршруттар жүргізу мәселесі де қарастырылады, - дейді қызметкерлер.