Маңғыстаулық спортшылар Каспий теңізінің жағасында 23 маусым халықаралық олимпиада күні мерекесін атап өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқарма басшысы бокстан Әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов, бокстан олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Берік Абдрахманов және олимпиадалық спорт түрлерінен жоғары жетістікке жеткен спортшылар қатысты.
Шара барысында ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің алғыс хатымен және арнайы сыйлықпен мектеп оқушылары арасында Франция мемлекетінің Нормандия қаласында өткен 19-жазғы дүниежүзілік гимназиаданың 2-орын иегері Әсем Таңатар марапатталды. Сондай-ақ бокс спорт түрінен Сұлтанбий-Барс Абыллаевқа, көркем гимнастикадан Раушан Акшабаеваға, әйелдер күресінен Сабина Кайбуллаеваға, грек рим күресі Жарас Махсетовке, таэквондо спорт түрінен Асылай Айдар мен Абылайхан Мергенбайға, дзюдо спорт түрінен Әділет Жолекеш пен Гулдана Теңелбаеваға Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының арнайы алғыс хаты мен ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің арнайы сыйлықтары мен кәдесыйлары табысталды.
Мерейлі күнді атап өту бағдарламасы аясында олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, бокстан Әлем чемпионы Ердос Жанабергенов, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Берік Абдрахманов жас бокс спортшыларына шеберлік сағатын жүргізді. Сондай-ақ, алаңға жиналған халық дзюдо, таэквондо, грек рим және еркін күрес спортшыларының орындауында арнайы дайындалған қойылымды тамашалады.
Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаевтың айтуынша бүгінде әрбір спортшы олимпиада ойындарының жеңімпазы, тіпті қатысушысы болуды армандайды. Олимпиада чемпиондары – кез келген елдің жетістігі, мақтанышы әрі имиджі.
Жалпы Қазақстанда халықаралық олимпиада комитеті күнін тойлау аясында түрлі спорттық және бұқаралық шаралар өтеді. 1948 жылы халықаралық олимпиада комитеті Санкт-Морицедегі ХОК-тың 42-ші сессиясында 23 маусым халықаралық олимпиада күнін атап өту туралы шешім қабылдады. Бұл күні 1894 жылы 23 маусымда ХОК-тың (Халықаралық Олимпиада комитеті) құрылған күніне орай таңдалған. Дәл осы күні Пьер де Кубертен олимпиадалық қозғалысты жандандыру мақсатында халықаралық атлетикалық конгресте тарихи баяндамасын жасаған.
Олимпиада күнінде халықаралық, республикалық, тіпті аймақтық дәрежеде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, олимпиадалық құндылықтар насихатталады. Бұл мереке олимпиадалық қозғалыстың өзі сияқты, шекараға қарамастан барлығын біріктіреді.