Құрық ауылында бокс үйірмесінің негізін қалаушы, жоғары дәрежедегі төреші Берік Ермағанбетовты еске алуға арналған республикалық турнирдің ашылуы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашық турнир 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында өтуде. Сайысқа Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облысы мен Маңғыстау облысының қала, аудандарынан спортшылар қатысуда. Тартысты дода төрт күнге созылады.
Ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін атқарушы Манар Төлегенов, Берік Ермағанбетовтың анасы, тумаластары мен достары, шәкірттері сондай-ақ, Олимпиада ойындарының ІІ дүркін күміс жүлдегері ҚР-ның Еңбек сіңірген спорт шебері Әділбек Ниязымбетов, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Ерік Әлжанов, Жарас Калимов, Жандарбек Исанов, Дулат Бөкетов, Ердос Жаңабергенов те қатысты.