29 маусым күні сағат 18.20-да Жетібай және Мұнайшы ауылдарының 30-ға жуық жұмыссыз азаматы "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ның (республикалық жол) баратын автожолды мұнай саласына жұмысқа орналасу талабымен жауып тастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Азаматтарға Қарақия ауданы әкімдігінің өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар жиналғандарға жұмысқа орналастыру кезекке сәйкес жүзеге асып жатқанын жеткізді. Кезектен тыс жұмысқа орналастыру басқа үміткерлерге әділетсіз болады.
Әкімдік өкілдері жиналғандарға ультиматумдық талап қоймауды және олардың әрекеттері заңсыз екенін ескертіп, сындарлы диалогты жалғастыруды ұсынды.
Жыл басынан бері Қарақия ауданында 366 жұмыс орны ашылды.
"Жұмыс жасаймын" өңірлік жобасы аясында 2022 жылы 180,0 млн.теңге бөлінді. Қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша 172 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 170 мың теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта қолданыстағы алгоритм аясында жалпы кезек тәртібінде "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ және сервистік қызмет көрсететін мердігерлік ұйымдарға 143 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Айта кету керек, қазіргі таңда аудандық жұмыспен қамту орталығында орташа жалақысы 100 мың теңгеден асатын бос жұмыс орындары бар, алайда жұмыссыздардың көпшілігі ол жұмыстардан бас тартып, мұнай саласына жұмысқа орналастыруды талап етіп отыр.