Өңірдің автобус паркін жаңалау мақсатында «Caspiy» ӘКК SAZ LE 60 маркалы 28 автобус сатып алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz «Caspiy» ӘКК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Корпорация 28 қоғамдық көлікті 1 млрд 444 млн теңгеге сатып алған. Оның ішінде 12 автобус 30 маусым күні халық игілігіне беріледі. Ал қалған 16 қоғамдық көлік жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.
Корпорацияның әлеуметтік жобасы аясында Ақтау қаласындағы №2, №4 және Ақтау-Маңғышлақ бағытындағы №105 қоғамдық көліктер жаңартылады.
56 орынды автобустар заманауи үлгіде жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да арнайы орын қарастырылған. Автобустар толықтай GPS –пен қамтылған, қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау камералары орнатылған. Жаңа автобустарда толықтай ауа салқындатқыш орнатылған. Сондай-ақ жаңа қоғамдық көліктерде тұрғындар төлемді онлайн жасай алады. Автобустар отандық автоөндіруші «СарыарқаАвтоПром» ЖШС базасында құрастырылған.
Жоба аясында 112 жаңа жұмыс орны құрылып отыр. «Caspiy» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының аталған жобаны жүзеге асырудағы басты мақсаты – тұрғындарды үздіксіз және қауіпсіз тасымалмен қамтамасыз ету, өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту. Сондай-ақ корпорация отандық автоөндірушілерді қолдауды басты бағыттарының бірі санайды.