«Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының лауазымды тұлғалары 637 млн теңгеден астам мемлекет қаражатын талан-таражға салған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаражат жымқыру фактісін Жаңаөзен қаласының прокуратурасы «Өзенинвест» кәсіпорнына 2019-2021 жылдар мен үстіміздегі жылдың өткен кезеңінде бюджет қаражатын жұмсау заңдылығына жүргізілген тексеріс нәтижесінде анықтаған.
Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2 тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар өндірісінде.