Маңғыстау облысының Түркістандағы күндері аясында екі облыс ақсақалдарының рухани кездесу кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Түркістан – Арыстанбап пен Яссауи, Домалақ ана (Нұрила) сынды әулие-ғұламалардың, нешебір баһадүр бабалардың атакүлдігі, бүкіл түркі дүниесінің рухани астанасы болса, үш жүз алпыс әулиелі Маңғыстау – Пір Бекеттің, абыздар мен машайықтар мекені. Қос аймақ – қай жағынан да бір-бірімен айрықша үндесіп, ұлт рухын, қадір-қасиетін асқақтатқан өркенді өңірлер.
Қасиетті аймақтардың қалың жұрты бір-бірімен айқара қауышқан осынау қуанышты күндерде басы қосылған ақсақалдар жиында елдің бірлігі, ұлттың болашағы, екі өңірдің рухани мұрасы мен мәдениетін сөз етті, пікір алмасты.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әділдікке негізделген демокаратиялық ұстанымдары мен жаңғырған «Жаңа Қазақстан» құрудағы озық идеялары халқымыздың бойына жарқын болашаққа деген сенім ұялатып, игі істерге жұмылдырып отыр.
Әрине, өткен қасіретті Қаңтар оқиғалары барша жұртқа ащы сабақ болуы керек. Ата-бабаларымыз қанын төгіп, қаһармандықпен қорғаған Ұлы Даланы көздің қарашығындай сақтап, бейбітшілік пен тыныштықтың қадірін білу – ұрпаққа аманат. Ұлт мұраты жолында біріге жұмылайық, десті жиналғандар.
Сондай-ақ рухани кездесуде Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Төлетов, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов, Қазақстанның Үздік өлкетанушысы атағының иегері Отыншы Көшбай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», заң ғылымдарының докторы, профессор Б.Тұрғараев пен мемлекет және қайраткері А.Досановалар сөз алып, келелі ойларымен бөлісті.
Маңғыстаулық ардагерлер Түркістан қалалық ардагерлер кеңесіне Бекет ата мешіті бейнеленген картинаны сыйға тартты.
Түркістандағы Маңғыстаудың күндері аясында Маңғыстау облысынан барған қарттарымыз өңірдегі киелі жерлерді аралап, Қожа Ахмет Яссауи мен Арыстан баб кесенелеріне зиярат етті.