Түркістанда Маңғыстау облысының күндері аясында ішкі туризмді дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге Маңғыстау және Түркістан облыстарының мемлекеттік органдарының, туризм саласындағы бизнес-қауымдастықтардың өкілдері, ЖОО оқытушылары, БАҚ, туризм саласы және басқа да кәсіпорындар шақырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сонымен қатар шараға «Этнотур» туристік компаниясының атқарушы директоры Наталья Задерецкая, «Ajzhelken group» ЖШС директоры Гүлшат Тойдық, «Turkistan tourism center» ақпараттық-туристік орталығы директорының орынбасары Қожабек Мырзаев, м.а. Халықаралық туризм университетінің ректорының м.а Қарлығаш Аралбекова, «Отырар-Сауран-Сайрам-Түркістан» туристік компаниясының директоры Тұрәлі Сыздықов қатысты
Туризмді дамыту басқармасының өкілдері өз сөзінде Маңғыстаудың туризм саласын дамытуға, жергілікті бюджетті толықтыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға әлеуеті жеткілікті екенін айтты. Жыл сайын облысқа 300 мыңға жуық турист келеді. Каспий өңірін халықаралық стандарттарға сай дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру нәтижесінде соңғы жылдары туристер 1,8 есеге артты. Бүгінде Ақтау мен елдің сегіз қаласы арасында тұрақты әуе қатынасы бар. Маңғыстауды Түркістанмен байланыстыратын рейс те бар. Ақтау халықаралық әуежайы да 15 халықаралық рейске қызмет көрсетеді. Маңғыстау вокзалында 6 ішкі және 3 халықаралық бағыт бар.
Дөңгелек үстел барысында Маңғыстау және Түркістан облыстарында ішкі туризмді дамыту, туризм саласы бойынша мамандарды даярлауға қатысты ой-пікірлер, ұсыныстар айтылды. Кездесу соңында екі облыстың туроператорлары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.