Маңғыстаулық үш спортшы Жамбыл облысының Қордай қаласында жекпе-жектен Қазақстан Республикасының чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жарысқа елдің барлық өңірінен 150-ге жуық спортшы қатысты. Ал Маңғыстау облысының жекпе-жек федерациясынан 18 спортшы бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша 11 маңғыстаулық спортшы жүлдегер атанды. Ал үшеуі алтын медаль жеңіп алды.
Ержан Сарыев, Бектас Түрікменбай және Қуандық Көшкінбай чемпион атанып, алтын алса, Алдияр Тілеген, Әлижан Жұмажанов және Диас Жарылғас күміс медаль иеленді. Ал Диас Шналиев, Абылайхан Маршак, Ислам Қалмырза, Аян Ізтұрған және Мадияр Жылқелдин қола медаль алды.
- Біздің балалар өте жақсы өнер көрсетті. Мен оларды мақтан тұтамын. 18 спортшымыздың 11-і жүлдемен оралды. Оның өзі үлкен жетістік. Бәрі ойдағыдай өтті, - дейді Маңғыстау облыстық жекпе-жек федерациясының президенті және бас бапкері Арман Әбілда.