Шығыс медицинасының маманы дене қозғалысының белсенділігін арттырып, тонусын жақсартатын массаждың әдіс-тәсілдері жөнінде баяндады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Көктем мезгілінде ағзадағы дәрумендер тапшылығының сан түрлі себебі болуы мүмкін. Мәселен, құнарлы тамақтанбау, күйзеліс, созылмалы аурулар, зиянды әдеттер және т.б. Әдетте дәрумендерге бай тағамдарды тұрақты түрде тұтыну ағзаның иммундық қорғаныс қабілетін арттырады. Десек те, ағзаға қажетті дәрумендер қорын қалыптастыру үшін балғын жеміс-жидектер, көкөністер мен табиғи өнімдерді тұтыну жеткіліксіз дейді қытай медицинасының дәрігері, акупунктурист, остеопат Хайлили Адили.
- Массаж қан айналымын жақсартып, ағзаның дәнекер тіндерін оттегімен және қоректік заттармен қанықтырады, қан құрамынан токсиндерді айдауға, ағзаның қорғаныс механизмдерін белсендірек етуге септеседі. Сондай-ақ массаж нәтижесінде тері біртегіс күйге түседі. Процедуралар адам бойындағы күш-қуатты арттырады және жаңа энергия сыйлайды. Нүктелі массаж - Шығыстың, Қытай медицинасының өте ежелгі әдісі. Қытай медицинасының теориясына сәйкес адам ағзасында әртүрлі мүшелер мен жүйелердің жұмысына жауап беретін биологиялық белсенді нүктелер бар. Мұндай нүктелерді ынталандыру ағзаның біртұтас жүйесіне оң әсер етеді. Емдік әсерімен қоса нүктелі массаждан кейін науқас өмірлік қуатының жақсаруын сезінеді, түрлі жұқпалы ауруларға ағзаның төзімділігі мен қорғаныс қабілеті күшейеді,- дейді Хайлили Адили.
Шығыс нүктелі массажы саусақтармен және арнайы құрылғыларсыз жасалады.
Алғашқы процедурадан кейін пациент ыңғайсыздық пен біршама ауырсынуды сезінуі мүмкін. Бұл биологиялық белсенді нүктелерді ынталандырудың, жалпы массаждың оң нәтижесі екендігін көрсетеді.
Сондай-ақ, нүктелі массаж эмоционалдық және физикалық күйзелісті жеңілдетеді, сергектік сыйлайды, жағымсыз эмоцияларды жойып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.