Қала әкімі Ұлықбек Тінәлиев пен Ақтау прокуроры Ержан Тұрмағамбетов жауапсыз құрылыс компанияларымен кездесуде жаңа үйлердің инженерлік желілерін әкімдік пен сервистік кәсіпорындардың меншігіне беру мәселесін көтерді. Ал кездесуге инженерлік желілерді мемлекетке меншігіне өткізбеген 44 компанияның тек жартысы ғана келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Прокурордың айтуынша Ақтаудың жетекші құрылыс компанияларының бірі – «К7 GROUP» 2017 жылдан бері салынған 13 көпқабатты тұрғын үйдің бірде-бірінің инженерлік желілерін мемлекет меншігіне бермеген. Соған қарамастан апаттық бригадалары мен арнайы техникасы жоқ құрылыс компаниясы өз нысандарының желілеріндегі апатты жоюға немқұрайлы қарайды. Ал тұрғындардың толассыз шағымынан соң бюджеттік коммуналдық кәсіпорындар жеке аумақта жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Осындай мәселе басқа 43 құрылыс компаниясында да бар.
- Жауапсыз құрылыс компаниялары тұрғызған үйлерде құбыр жарылса мемлекеттік кәсіпорындар жөндейді. Осындай бір апат «КЖСА»-ға 236 мың теңге шығын келтірді. Инженерлік желіде апат болса тұрғындар «К7 GROUP» компаниясына қоңырау шалады, олардан жауап болмаған соң амалсыздан әкімдіктен көмек сұрайды. Ал мұндай үйлердің инженерлік желісі әкімдіктің меншігінде емес. Кәріз бен газ, жылу, су, электр желілерінің ешқайсысы мемлекетке берілмеген. Мен «Каспий жылу, су арнасы» МКК-ге жеке инженерлік желілердегі апатты жою шығындарын есептеуді тапсырдым. Әрбір құрылыс компаниясынан мемлекет кірісіне келтірілген залалды өндіріп алу туралы арыз беремін, - деді Ақтау қаласының прокуроры Ержан Тұрмағамбетов.
Прокурормен кездесуге әлі күнге дейін өз нысандарының инфрақұрылымын әкімдік пен сервистік кәсіпорындардың меншігіне өткізбеген 44 компанияның жартысы ғана келді.
- Оларға сәлем айта барыңыз! Келмегендердің әрқайсысымен жеке жұмыс істейтін боламын, - деп атап өтті прокурор.
Айта кетейік, құрылыс компанияларының әрқайсысы жазбаша түрде өз нысандарының инженерлік желілерін мемлекет теңгеріміне беру туралы қандай да бір мерзім ішінде кепілдік хат беруге міндеттелді.
Ал инженерлік желілер әкімдіктің меншігіне өткенге дейін құрылыс компаниялары апатты жоюға жұмыстанатын бригадалар жасақтауы тиіс.