© Profit.kz
2024 жылы Қазақстанда 1,2 мың шақырым болатын автожолдардың төрт учаскесінде жол жүру ақылы негізге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат mangystaumedia.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Жыл сайын жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдарды ұстауға республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарда ақылы аумақтар кезең-кезеңімен енгізіледі.
Қазір Қазақстанда жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырым болатын 17 жолға ақылы жүйе енгізілді. Олар 2013 жылдан 2023 жылға дейін кезең-кезеңімен қолға алынған. 2024 жылы жалпы ұзындығы 1,2 мың шақырым болатын автожолдардың төрт учаскесінде ақылы жолдарды енгізу жоспарланып отыр.
Оның ішінде"Қызылорда-Арал (455 километр), Ақтөбе - Ресей Федерациясының шекарасы (92 шақырым), Қостанай - Ресей Федерациясының шекарасы (163 километр), Ақтау-Бейнеу (454 километр) тас жолдары бар.
Сондай-ақ, көлік министрлігінде автожолдардың ақылы учаскелері бойынша жол жүру құны туралы айтылды.
"2023 жылы қолданыстағы тарифтер айлық есептік көрсеткішке байланысты 20 пайызға ұлғайтылды, бұл ретте тарифтер АЕК өсіміне сәйкес жыл сайын өсіп отырады. Бұл ретте жергілікті автокөлік құралдары үшін ай сайынғы және жылдық абоненттік жол жүру ақысы қолданылады:
1) I санаттағы учаскелерде (4 және одан да көп жолақтар): жеңіл автокөліктер үшін - жылына 1 АЕК, жүк көлігі үшін - айына 2-ден 10 АЕК-ке дейін және жүк көтергіштігіне байланысты жылына 20-дан 100 АЕК-ке дейін;
2) II санаттағы учаскелерде (2 жолақ): жеңіл автомобильдер үшін ақы алынбайды, жүк үшін - айына 1 - ден 5 АЕК-ке дейін және жүк көтергіштігіне байланысты жылына 12-ден 60 АЕК-ке дейін", - деп жазылған министрлік таратқан ақпаратта.
Сонымен бірге, көлік департаменті 2024 жылы тарифтерді көтеру мәселелерін пысықтайтынын хабарлады.
"Көлік санының өсуіне байланысты және автожолдардың жөнделген учаскелерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жол ақысының мөлшерлемелерін арттыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Ақылы болу бірінші кезекте транзиттік автокөлік құралдарынан қаражат жинауға бағытталған, ал жақын және алыс шетелдермен салыстырғанда Қазақстандағы автожолдардың ақылы учаскелері бойынша жол жүру тарифтері ең төмен болып отыр. Сонымен қатар, тарифтің ұлғаюы ақылы учаскелерді нормативтік және сапалы ұстауға көп қаражат жұмсауға мүмкіндік береді, бұл олардың қызмет ету мерзімін ұзартады және қолайлы әрі қауіпсіз жол жүруді қамтамасыз етеді", - деді Көлік министрлігінінің өкілдері.