Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Базаралиеваның мәлімдеуінше, Маңғыстауда 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай облыстың барлық аумағында 150-ден аса мәдени шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды mangsytaumedia.kz ҚКО-на сілтеме жасап.
Мерекелік іс-шаралардың негізгі мақсаты – әйел-ананың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі құрметті әрі жауапты рөлін дәріптеу. Қазақстанның соңғы жылдардағы отбасылық және гендерлік саясат саласындағы жетістіктерін, сондай-ақ, қыз-келіншектердің қоғамдағы айрықша рөлін түсіндіру.
Осы орайда, 6 наурыз күні М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің концерті, 7 наурыз күні облыстық кітапханада «Әлем әдемі Сіздермен!» мерекелік кеші, «Достық үйінде» облыс әкімінің салтанатты құттықтау шарасы, 8 наурыз күні Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде «Арулар - асыл жандар!» атты мерекелік концерті өтеді.
Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласында «Аяулы асыл жандар» мерекелік концерті; «Әйел – әсемдіктің символы» сурет көрмесі, «Айназ» және «Алқа» би мектебі үйірмесінің «Шуақты көктем» атты 8 наурыз мерекесіне тартуы, «Ана – барлық әдеміліктің үлгісі!» атты оқушылар арасында сурет сайысы, «Сарқылмайтын жылылық, Ана аты – ұлылық!», «Сиынар ем, Ана деген тәңірге!» тақырыбында мерекелік концертері ұйымдастырылады.
-Бейнеу ауданында «Ана - мәңгілік шуақ төккен ғасырларға!», «Әлемді тербеткен - Ана» тақырыптарында көрмелер, «Әлемнің жарығын сыйлаған - Ана» әдеби музыкалық кеші және Мұнайлы ауданында «Ардақты ана, аяулы ана қымбаттым» атты мерекелік шарасы, «Әнімде сен, жырымда сен – Ана!», «Анаға тағзым» атты мерекелік концерті өтеді, - деді Гүлнар Базаралиева.
Ал Түпқараған мен Қарақия, Маңғыстау аудандарында да «Ана- гүл, ана – өмір шуағы», «Әлемді тербеткен - Ана», «Әйелмен әлем әдемі!» атты мерекелік концерттері, «Әже көңілдің ажары, немере өмірдің базары» әже мен немеренің байқауы мен «Анам менің ардағым» аналармен кездесу кеші ұйымдастырылады.