Маңғыстау облысында биыл МӘМС жүйесі арқылы азаматтардың 10 санатына шұғыл стоматологиялық көмек көрсетілетін болады. Ал 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер ғана жоспарлы стоматологиялық көмек ала алады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Елдеш Қосмағанбетов мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Е.Қосмағанбетов 10 санаттың қатарына Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері, марапатталған көпбалалы аналар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, әлеуметтік мәні бар аурулар мен ауыратындарға, мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар мен бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар кіретінін атады.
- МӘМС жүйесіндегі немесе ТМККК шеңберіндегі стоматологиялық қызмет халықтың жекелеген әлеуметтік осал санаттарына ғана қолжетімді екенін атап өткім келеді. Жоғарыда айтылған шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету пациенттің еркін таңдауымен жүзеге асырылады. Енді науқасқа тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің жолдамасының болуы талап етілмейді. Егер тұрғындар көрсетілген стоматологиялық көмекке наразылығы болған жағдайда, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласуына болады, - деді Елдеш Қосмағанбетов.
Сондай-ақ, спикер брифингте биыл әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарт жасалғанын айтып өтті. Енді науқастар емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгіне алады.
- Бүгінде тиісті жабдықтар мен мамандары бар емханаларда стоматологиялық көмек алуға болады. Мұнда тек осы емханаға тіркелген азаматтар ғана емес, басқа жерде тіркеуден тұрған науқастар да көмек ала алады. Ол үшін тек тіркеу бөлімі арқылы қабылдауға жазылу керек. Егер пациентке МӘМС есебінен стоматологиялық қызмет көрсетуден бас тартса немесе толық көлемде медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда сіз сол клиниканың пациенттерді қолдау қызметіне хабарласа аласыз, - деді Елдеш Қосмағанбетов.
Бұл ретте тісін емдетушілер стоматологиялық клиниканы өзі таңдай алады. Тек таңдалған клиника әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушісі болуы тиіс. Қазіргі таңда Маңғыстау облысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бойынша 24 стоматологиялық клиника қызмет көрсетеді. Барлық емхана тізімін fms.kz ресми сайтынан немесе сол емхананың өзінен білуге болады.