Жаңаөзенде бірнеше рет ереуілге шығып, талаптары орындалмай жүрген «БатысГеоФизСервис» жұмысшылары әкімдік алдында наразылық білдіріп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Азаматтар еңбек дауынан соң басшыларының бір топ адамды жұмыссыз қалдырғанына шағымданады. Сөздерінше мамыр айында басталған ереуілді сот заңсыз деп таныған. Соттың шешімін негізге алған басшылар бір-ақ күнде 40-қа жуық қызметкерді жұмыссыздар қатарына қосыпты. Жұмысшылардың айтуынша бұған дейінгі ереуілдерде ешқандай талап қанағаттандырылмай, құрғақ уәдеге тойдырып келген.
- Осы уақытқа дейін ешқандай мәселе шешілген жоқ. Болып жатқан жағдайларды құзырлы органдардың барлығына жаздық, айттық. Сот ереуілде тұрғанымызды заңсыз деп таныды. Мекеменің басшылығы сот шешімін пайдаланып бізді біржақты шешіммен жұмыстан босатып жатыр. Біз оған келіспейміз, - дейді Оразымбек Сапаков.
- Маған ауызша айтқан жұмыстан боссың деп, бірақ хабарлама келген жоқ. Осы күнге дейін ереуілдің кезіндегі ешқандай талабымыз орындалған жоқ. Былтыр да мәселені шешеміз деп тек ауызша айтып қойды, - дейді Сахи Үмбетов.
Жыл басынан бері бірнеше рет ереуілге шыққан «БатысГеоФизСервис» жұмысшылары қызметтен шығарылған азаматтарды қызметке қайтарсын деген талап қойып отыр. Әрі «бұдан бұрынғы ереуілде жалақыны 100 пайызға көтеру туралы қойылған талап орындалсын» дейді. Ал серіктестік басшылары жұмысшыларды мамыр айында наразылыққа шыққаннан соң, сотқа берген. 9 маусым күні сот шешім шығарған. Сот шешімі бойынша қызметкерлердің ереуілі заңсыз деп танылған.
- Шешім шыққаннан кейін жұмысшылармен сөйлестік. Соттың шешімі бойынша ереуілді тоқтатып, жұмысқа шығу керек екенін айттық. Бірақ жұмысшылар жұмысқа шығудан бас тартты. Сол себепті 19 мамырдан бері ереуілде тұрғандарды жұмыстан қалғаны үшін қазір біртіндеп жұмыстан шығарып жатырмыз, - деді «БатысГеоФизСервис» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Мұрат Нұрлышев.
Серіктестік өкілі соттың шешімін негізге ала отырып 36 қызметкердің жұмыстан босатылғанын айтады. Сондай-ақ, жыл басынан бері қызметкерлердің жалақысын 40 пайызға көтерсек те разы болмай отыр дейді ол. Дегенмен жұмысшылар жұмысқа қайта орналасып, жалақыны 100 пайызға көтермейінше, наразылықты жалғастыра бермек.
Махаббат Нұржанқызы