Жыл басынан бері облыстық қан орталығына 3747 адам жүгінген. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық қан орталығының директоры Рафаэль Сарсамалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Рафаэль Сарсамалиевтің айтуынша, былтыр облыстық қан орталығына 8649 адам жүгінген. Қан өнімдерінің инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2006 жылдың қыркүйегінен бастап жаңа мұздатылған плазманы карантиндеу әдісі енгізілген. 2021 жылы 6524 доза плазма карантинге қойылды.
- Карантинделген плазма 2022 жылы барлық медициналық ұйымдарға, бірінші кезекте босандыру және балалар мекемелеріне берілді. 2008 жылы трансфузиялық терапияның иммунологиялық және инфекциялық қауіпсіздігін арттыру үшін құрамында эритроциттер бар компоненттерді, плазманы, тромбоциттерді лейкофильтрлеу әдістері енгізілді. 2011 жылы «Intersept» аппаратында(АҚШ) плазма мен тромбоциттерді вирусинактивациялау технологиясы енгізілді. 2017 жылдан бастап плазма мен тромбоциттерді вирусинактивациялау жаңа «Мирасол» аппаратында жүргізіледі. 2021 жылы МҰ-ға берілген барлық санынан лейкофильтрленген эритроциттердің үлесі-100%, вирустазартылған тромбоциттердің үлесі -100% құрады,-деді Рафаэль Сарсамалиев.
Донорлық қан қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи технологияларын енгізу қан орталығы қызметінің негізгі бағыты. Мәселен өңір бойынша қан донациясына 6508, тромбоцитке 219 адам донор болған. Өтеусіз донациялардың үлесі-94,3%, ақылы донациялардың үлесі - 5,7%, көшпелі донациялардың үлесі - 2,2% құрады.
2022 жылы қан мен оның компоненттерінің инфекциялық және иммунологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қан мен оның компоненттерін дайындауға жаңа технологияларды енгізу, донорлықты насихаттау, өнімнің сапа менеджменті жүйесін енгізу, кадрлардың кәсіби даярлығының деңгейін тұрақты арттыру жөніндегі жұмыстар жалғаспақ.