Жаңаөзенде Маңғыстау облысының бірқатар қаламгері мен мұнай саласы ардагерлерінің қатысуымен «Қазақ мұнайының ардақтылары» кітаптар сериясы бойынша жарық көрген қос туындының тұсауы кесілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жиында жазушы-журналист Үміт Жәлекенің авторлығымен жарық көрген «Өмірін еңбекпен өрнектеген Ізберген Оспанов» және журналист Гүлайым Дәуітбайдың «Технологиялық көлік саласының майталманы Аманкелді Қылышбаев» өмірбаяндық кітабының тұсауы кесілді.
Тұсаукесер жиынында сөз сөйлеген қала басшысы Айбек Қосуақов мұнайшылар өмірін арқау еткен кітаптар сериясының оқырмандарға берер құндылығына тоқталып өтті.
- Өздеріңіз білетіндей, «Қазақ мұнайының ардақтылары» кітаптар сериясы - мұнай саласының өсіп-өркендеп, дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлердің еселі еңбегін тілге тиек етіп, сол арқылы мұнай өнеркәсібінің тарихын зерделеуді мақсат тұтқан бірегей жоба. Бүгін, міне, кітапсүйер қауым мұнай өнеркәсібін өркендетуге өзіндік үлесін қосып, өмірлік бай тәжірибесін арнап, сол салада ерен еңбегімен танылған екі майталман ағамыздың ғұмырымен жақын таныспақ. Бұл кітаптардың тарихи, библиографиялық және анықтамалық материал ретінде ерекше құндылыққа ие болып, республикамыздың мұнай-газ өнеркәсібінің даму тарихын зерттеушілер үшін таптырмас көмекші құрал боларына сенеміз, - деді Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов.
Жиында қаламгерлер мен мұнай саласының ардагерлері ғұмыры кітапқа арқау болған мұнай саласының майталмандары туралы естеліктермен бөлісті.
Айта кетейік, аталған кітаптар Н. Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының қолдауымен Алматы қаласында жарық көрді. «Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясымен кітаптар 2006 жылдан бері жарық көріп келеді.