Хорватияда өткен «Dalmatinko Cup» турнирінде «Каспийдің» 2012 жылғы ойыншылар командасы «Fair Play» кубогына ие болды. Кішкентай футболшыларды ақтаулықтар әуежайдан күтіп алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Каспийдің» кішкентай командасы бұл турнирде 16 топ арасында үздік 8-дікке енген. Ал «Fair Play» кубогын турнирдегі 60 команда ішінде еш қателіксіз және әділ ойнаған топ болғаны үшін алған. Бапкерлердің сөзінше, бұл топ кішкентай футболшылар арасында жетістікке жеткен еліміздегі алғашқы команда.
- «Dalmatinko Cup» турнирі 1-8 маусым аралығында өтті. Турнирге көптеген еуропалық команда қатысты. «Fair Play» кубогын біздің ойыншылар әділ және таза ойнағаны үшін алды. Мұның өзі үлкен жеңіс деп ойлаймын, - дейді Ерлан Жұмағұлов «Каспий-2012» футбол командасының бапкері.
Ал бір де бір сары, қызыл қағаз алмай доп тепкен жас футболшыларды ақтаулықтар ерекше көңіл-күйде күтіп алды. Әуежай алдына жиналған жұрт бауырсақ, шашумен және жанкүйерлердің қолдауымен қарсы алды. Ән айтып, қуанышқа ортақтасқан жұрт ойыншыларды «Каспий» командасының автобусына шығарып салды.
- Хорватиядағы турнирде жақсы ойнадық деп ойлаймын, мен өз командамыз есе жібермеуі үшін біраз допты қағып алдым. Хорватиялық мықты-мықты топтар болды. Дегенмен, олардың соққан бір де бір добын қақпаға өткізбедім, - дейді «Каспий-2012» командасының қақпашысы Алдияр Мұсаев.